15.02.2018, 15:40
Оқылды: 84

БҚО-да Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

 

Облыс аудандарында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай шаралар өтуде. Бұл туралы аудандардағы әріптестеріміз баяндап берді.

Қаратөбе аудандық орталық ауруханасының ұжымы бұл күні ардагерлерге «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Шарада ардагерлер профилактикалық тексеруден өткізіліп, көрсетіліміне қарай білікті дәрігерлерге қаралып, тегін дәрі-дәрмекпен де қамтылды. Сонымен қатар ауған ардагерлері лабораторлы-инструменталдық тексеруден өткізіліп, Жаңақала ауданаралық оңалту-сауықтыру орталығына жолдама беру жайы да жоспарланды.

Ал Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудандағы Ауған соғысы ардагерлерін арнайы қабылдады. Аудан әкімі ардагерлерге ауыл тұрғындары атынан алғысхат пен Ә.Нұрғалиевтің «Дара тұлға» кітабын ұсынып, қаржылай қолдау көрсетті. Сондай-ақ өмірден өткен ардагерлердің жұбайларына сыйлықтар табыстады.

Бұл күні Бөрлі колледжінде дәстүрлі «Алау» әскери-спорттық сайысы ұйымдастырылды. Бағдарламаға енгізілген белтемірге тартылу, нысанаға ату, сапытқы қозғалыс, арқан тартысу, алғашқы медициналық қызмет көрсету, эстафета кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткен Айдос Сексенбаев, Заманбек Амангелдиев (Бумакөл), Азамат Наурызалиев,  Дё Феликс, Виктор Долгих (Бөрлі колледжі) Бөрлі ауған соғысы ардагерлер кеңесінің дипломдарымен марапатталды.

Ал ақсайлықтар интернацонал жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтаға барып, жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойды. Шарада ауған соғысының ардагері Сергей Мищенко генерал майор В.Яценконың бұйрығымен «ӘДӘ негізін қалаушы десант Василий Маргелов атындағы» орденмен марапатталды.

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов  он жылға созылған сұм соғыстан  аман оралған  жерлес ардагерлерді қабылдады. Бүгінде әр салада еңбек етіп жүрген 12 ауған ардагерінің ішінен  дөңгелек үстелге Қазбек Әбдірешов, Берік Асанов, Кәрімжан Аткешев,Ғилым Әліп, Темур Ғиззатов, Ханат Қабаев, Ержан Шарипов келді. Ардагерлер өздерінің бүгінгі таңдағы жағдайын баян етіп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, Тәуелсіз еліміздің әлеуеті, ауданымызда атқарылып жатқан игі істер төңірегінде емін-еркін әңгімелесті.

Ал Тасқала аудандық «Сәулет» мектеп-лицейі оқушылары ауған соғысында дұшпанмен қасарыса алысқан ардагерлермен кездесті.

- Соғыс деген қаралы ұғым. Ауған жеріндегі сұрапыл 2238 күнге созылған. Аман-есен еліне оралғандар үшін бұл күн мереке болса, құрбан болған сарбаздардың туыстары үшін орны толмас қайғы. Әскерлік анттарын аяғына дейін абыроймен атқарып қаза тапқан боздақтар есімі көпке үлгі, олардың алдында бас ию әрқайсымыздың міндетіміз,- деді өз сөзінде шара мейманы Амангелді Рашқалиұлы.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале