Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 35 жыл
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Осыған байланысты Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханада «Ұрпаққа үлгі болған ерлік» атты кездесу кеші өтті.
Фото коллаж: БҚО қоғамдық даму басқармасынан
Кештің мақсаты – Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған азаматтарды еске алу, жастарға патриоттық тәрбие беру. Іс-шараға «БҚО бойынша Ауғанстан соғысының мүгедек-ардагерлерінің қоғамы» ҚБ-ның төрағасы Беркінғали Ғабделов пен осы бірлестіктің мүшесі Сағат Жаманғарин және Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагер Әділсейіт Жұмашев, оқушылар мен студенттер қатысты. Кеш қонақтары, ең алдымен, ел үшін жат жерде опат болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Мен әскери борышымды Ауғанстан жерінде өтедім.
Небәрі 18 жаста едім. Мен және замандастарым алдымен Тәжікстан жерінде алты ай әскери дайындықта болып, кейін Ауған соғысына аттандық. Әр елден келген түрлі ұлт өкілі өзара тату, дос болдық. Бір-бірімізге қамқор едік. Олардың көпшілігі жараланды, соғыс кезінде қаза тапты. Біздің облыстан 1021 адам Ауғанстандағы соғысқа қатысып, 27 боздақ жат жұртта опат болды. Қазір өңірде 656 ардагер бар. Өткен 35 жыл ішінде жерлестеріміздің 33 пайызы дүниеден өтіпті. Бүгінде бізді түрлі жиындарға, кездесулерге шақырып, құрмет көрсетеді. Ал біз жас ұрпақтың Отанын сүйетін, елін қадірлейтін азамат болып өсуі үшін қызмет етеміз. Осы орайда айта кету керек, Кеңес әскерінің арнайы тобын басқарған, «Қара майор» лақап атымен әйгілі болған Борис Керімбаевтың дүниеден өткеніне бүгін бес жыл толды. Облыс әкімдігіне қаладағы бір көшеге осы кісінің есімін беру жөнінде ұсыныс бердік, – деді Беркінғали Ғабделов. Сондай-ақ ол бұл соғыста ерлермен қатар, қыздардың да болғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жерлесіміз Мағрипа Жұмағалеева Ауған соғысына өз еркімен қатысып, екі жыл медбике болып қызмет еткен. Бірақ ол кісіде «соғыс ардагері» деген мәртебе жоқ. «Мұндай мәртебе соғыс даласында жарақат алғандарға немесе марапатқа ие болғандарға ғана беріледі», – деді ауғандық жауынгер. Беркінғали Серікұлы сонымен бірге гитарада ән шырқап, кеш қонақтарын ерекше әсерге бөледі.
Өз кезегінде сөз алған Әділсейіт Жұмашев 2020 жылы Таулы Қарабақ шиеленісіне қатысқан жауынгерлерге «ардагер» мәртебесі беріліп, олардың ҰОС және Ауған соғысы ардагерлеріне теңестірілгенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың білімді, туған елі мен тілін сүйетін отаншыл азамат болып өсулерін тіледі. Ал Сағат Жаманғарин бүгінгідей кездесудің өзі жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беретінін айтып, оқушы-студенттердің үлкеннің сөзін тыңдап, үлгі-өнеге алу қажет екеніне тоқталды.
Іс-шара барысында М. Өтемісов атындағы БҚУ режиссура факультетінің студенттері Бақыт Мизамбаевтың «Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер!» атты өлеңін оқыды. Сонымен қатар көрермен назарына «Хронология афганской войны» және «Афганистан» бейнероликтері ұсынылды. Кішкентай өнерпаз Әлижан Тұрғалиев пен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Қайырханов ән шырқады. Кездесуді қорытындылаған кітапхана директорының орынбасары Ұрқия Жиеналиева ардагер жауынгерлерге игі тілегін арнап, белсенді қатысқан қонақтарды алғысхатпен марапаттады.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz