Бүгінде облыста 413 ауылдық елді мекен бар. Соның 126-сы АЕМ шекара маңында, яғни мемлекеттік шекараға 50 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан.
Аудандарда халықтың көші-қон ағынын төмендету, ауылдық жерлерде жұмыс күшінің тапшылығын жою, агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мақсатында пилоттық жоба іске асырылуда. 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан ауылға» жобасы үш бағыттан тұрады. Олар – мемлекеттік қолдау, жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу шаралары және «Ауыл – ел бесігі» жобасы.
– Бұл пилоттық жоба 57 ауылдық елді мекенде іске асырылады. Жобаға Орал және Ақсай қалаларында бес жылдан кем емес тұрған және жұмыс істеген азаматтар, сондай-ақ сұранысқа ие мамандар, жұмыссыздар қатыса алады. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, ветеринария, АӨК салаларының сұранысқа ие мамандарына таптырмас мүмкіндік. Көп балалы отбасыларға да тиісті қолдау көрсетіледі. «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы жөнінде облыстық деңгейде орталықтандырылған 109-cаll-орталығы арқылы ақпарат алуға болады. Сонымен бірге qoldau.bkogov.kz арнаулы сайт іске қосылды. Іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандарда аудан әкімі орынбасарларының төрағалығымен жұмыс топтары құрылды, – деді облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Бибігүл Қонысбаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Биыл 12 ауданның елді мекендеріне 120 отбасын (соның ішінде жас отбасыларды) көшіру жоспарланған. Бүгіндері ауылдарға 87 отбасы көшіп барған. Бұл отба-сылардың құрамындағы 436 адамның 269-ы – бала. Олардың 88-і жұмысқа орналастырылып, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында үш тұрғын жеке кәсіп бастаған. Қазіргі уақытта жоба іске асырылатын ауылдарда коммуналдық және бос тұрған үйлер есебінен барлық отбасыға тұрғын үй берілген. Олардың 35-і – тұрақты, ал 52-сі уақытша баспанаға кірген. Жыл соңына дейін тағы 66 отбасы ауылдарға ат басын бұруы мүмкін.
Бибігүл Тишанқызы 2009 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Дипломмен ауылға» жобасына тоқта-лып өтті. Жобаның мақсаты – ауылдың кадрлық әлеуетін жақсарту және мамандармен қамтамасыз ету. Ауылға жұмыс істеуге және тұруға келген мамандар мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау алады. Ма-мандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшері және қағидалары ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығымен бекітілген. Биылғы 1 қаңтардағы біржолғы көтерме жәрдемақы мөлшері – 100 АЕК (3692000 теңге) болса, аудан орталықтарына келген мамандарға берілетін несие мөлшері – 2500 АЕК (9230000 теңге). Сонымен қатар ауылдық жерлерге келген мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе құрылысына жылдық кредит сома-сынан 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен 2000 АЕК (7384000 теңге) дейін бюджеттік кредит беріледі.
– Биыл республикалық бюджеттен 385 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру үшін 3136,4 млн теңге көзделді. 2024 жылдың 1 желтоқсанындағы мәлімет бойынша «Отбасы банкі» АҚ-ға 251 маманға несие қаржысы аударылды. Ауылдық жерге келген 820 маманға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 598,7 млн теңге әлеуметтік қолдау көрсетуге, оның ішінде 303,4 млн теңге көтерме жәрдемақы қарастырылды. Желтоқсанның 1-інде 802 маман көтерме жәрдемақы алды. Жалпы 2009 жылдан 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін ауылдарға 10 244 маман барды. Оның ішінде білім беру саласына – 6838, денсаулық сақтауға – 1896, әлеуметтік қамсыздандыруға – 156, мәдениет саласына – 652, спорт саласына – 296, агроөнеркәсіп кешеніне – 329 және мемлекетік қызметке 77 маман жолданды. Әлеуметтік қолдау шараларына 4293,7 млн теңге бөлінді. Әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің 5110 маманы 18329,3 млн теңге бюджеттік несие алды. «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтініш беру рәсімі жеңілдетіліп, цифрлық форматқа ауыстырылды. Маман өтінім беру үшін otbasybank.kz порталына тіркелуі және өтінімге ЭЦҚ-мен қол қоюы керек. Жобаға қатысу үшін банктің клиенті болуы шарт. Түлектерді ауылдарға бекітуді ынталандыру жалғасуда және бұл жұмыс ұдайы бақылауда тұр, – деді басқарма басшысы Бибігүл Қонысбаева.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz