Батыс Қазақстан облысында автокөлік жылқыға соғылып, жас жігіт көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 31 шілде күні Шыңғырлау-Ақсай жолында болды.
«Жол апаты Ақсай қаласынан 15 шақырым жерде орын алды. Жедел жәрдем сағат 23.33-те шақыртылды. Бригада 11 минуттан кейін оқиға орнында болды. Жол апаты салдарынан 1996 жылғы жігіт мерт болды. 22 жастағы жігіт Шыңғырлау аудандық ауруханасына жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр. Бас пен мидың жабық жарақатын алып, миы шайқалған. Тиісті емін алып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автобустың соқтығысуынан зардап шеккендер саны 16-ға жеткенін жазған болатынбыз.