Бұл жайлы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов мәлімдеді.
Департамент басшысы 2017 жылғы департаменттің жұмыс қорытындысы туралы әңгімелеп, биылғы жылдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Спикердің айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 461 мемлекеттік орган қызмет атқаруда. Облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны 4423 бірлік (нақты мемлекеттік қызметкерлер саны – 4155 адам). Бос орындар саны – 268. Жыл басынан бері облыс бойынша 3466 мемлекеттік қызметкер қызметін бағалаудан өткен. Оның қорытындысында 84 адам «өте жақсы», 2998 адам «тиімді», 384 адам «қанағаттанарлық» деген баға алған. Мемлекеттік қызмет заңнамасының бұзылмауын бақылау аясында департамент өткен жылы 53 тексеру жүргізген болса, тексеріс барысында 731 мемлекеттік қызмет заңнамасын және қызметтік этиканы бұзу фактілері анықталған. Болат Әлмұханұлының айтуынша, 2017 жылы өткізілген Әдеп жөніндегі Кеңестің 13 отырысында 93 мәселе қаралып, нәтижесінде 28 лауазымды тұлғаны тәртіптік жазаға тарту ұсынылды (9 факт Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін, 19 факт мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін).
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz