15.08.2024, 11:00
Оқылды: 171

БҚО-да бағаны тұрақтандыру мәселесі талқыланды

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мәселелерге арналған басқосу өтті. Жиынға «Aqjaiyq» ӘКҚ басшылығы, облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты.

81822C6C-A6F6-43EC-AA43-E903F05492BB

– Өңіріміздің оңтүстік аудандарында көктем мезгілінде ауа райының салқын болуының және киік санының шамадан тыс артуының салдарынан қажетті мал азығын жинау қиын боп тұр. Осыған байланысты екі ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі жарияланды. Өзекті мәселе болашақта қалай шешіледі? Ауыл шаруашылығы басқармасы қандай шаралар қабылдамақ? Мал азығын дайындауда қиындыққа тап болған шаруалар мен жеке тұрғындарға үкімет тарапынан қандай көмектер көрсетіледі? Міне, бүгінгі басқосуда осы сауалдарға жауап іздеп көрелік, – деді басқосуды жүргізіп отырған өңірлік коммуникациялар қызметі бөлімінің басшысы Ұлжан Қисметова.  

Алғаш болып сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, мал қыстағына 1 млн 66 мың шартты мал басы кіреді деп жоспарланған. Бұл төрт түлікке 2 млн 23 мың тонна шөп қажет. Былтырдан қалған 148 мың тоннадай жем-шөп бар. Биылғы мал азығын дайындау науқаны басталғаннан бері қажет азықтың 50%-ы дайындалған. Ал оңтүстік аудандардағы бұл көрсеткіш төмен.

«Биыл ылғалдың аз түсуі, кейбір айларда жауын-шашынның мүлде болмауы, мамыр айында ауа температурасының 0-ден төмен болуы шөп шығымын азайтты. Одан басқа ақбөкендердің көбеюі де теріс әсер етуде. Әуе санағында 1 млн 600 мыңнан астам киіктің бар екені анықталды. Ресми түрде айтатын болсақ, төлдегеннен кейін олардың саны 2 млн 300 мыңға жеткен. Ал бейресми ақпараттарда олардың саны 5 млн-ға жуықтап қалғаны айтылып жүр. Осы мәселелердің бәрі оңтүстік аудандардағы жайылымның тапталуына, шабындықтағы шөп шығымының болмауына соқтырды. Негізінен Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жағдай қиын. Облыс бойынша шөптің шығымдылығы орташа алғанда 3,6-3,7 центнер\гектар болса, аталған қос ауданда 1,8-1,9 центнерден келіп отыр. Кейбір шаруашылықтардағы көрсеткіш бұдан да төмен. Осыған байланысты екі ауданда төтенше жағдай жарияланды. Оның мақсаты – мал азығымен қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдау», - деп атап өтті Жасұлан Жолдыбайұлы.

Басқарма басшысы айтып өткендей, бұл салада асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бар. Былтыр қағидаға өзгерістер енгізіліп, биылғы қаңтардан бастап қолданысқа енген. Осыған сәйкес мал азығының шығындарын субсидиялау үшін төтенше жағдай жариялануы керек. Сол үшін тиісті шаралар қабылданып, қос аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы асыл тұқымды және тауарлы малдың аналығына қажет жем-шөпті дайындау шығындарына субсидия төленеді.

Ірі қара малдың аналығына 22 500 теңге, қойға 3 300 теңге, жылқыға 8 300 теңгенің көлемінде демеуқаржы бекіту жоспарланған. Яғни екі аудандағы барлық аналық малға 2 млрд 132 млн теңге қажет. Бұл қаражат облыстық бюджеттен бөлініп, тек шаруа қожалықтардың малына төленеді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету де күн тәртібінде тұр. Ол үшін сатып алынатын мал азығын тасымалдау шығынын өтеу қарастырылуда. Бұл да төтенше жағдайдың алдын алу шарасы аясында жүргізіледі. Мысалы, Жәнібек немесе Бөкей ордасы ауданының тұрғыны қыстаққа қажет бір орама шөпті Ақжайық ауданынан 5 мың теңгеге сатып алады делік. Оның транспорттық шығыны бөлінген қаражат есебінен жабылып, сол көрсетілген бағаға әкелінеді. Екі аудандағы жеке қосалқы шаруашылықтарға сырттан тасымалданатын шөп қорының көлемі – 41,6 мың тонна. Бұны орама шөпке айналдырып есептесек, 166,4 мың орама шөп.

Оның тасымалдау шығынын өтейтін қажетті қаражаттың көлемі – 798,8 млн теңге. Осы екі ауданмен шектес орналасқан Казталов және Жаңақала ауданының іргелес жатқан елді мекендерінде де осындай мәселе бар. Қазір ол ауылдарға қандай көмек көрсетілетіні және қандай механизмдер қолданылатыны зерттеліп жатыр. Бұдан басқа сегіз ауданның әрқайсысы он мың орама шөп дайындауы қажет болса, соның 30 000-ы әзір тұр. Қырлық және көлдік шөптің бір орамасының құны 3000 теңгеден басталса, екпелі шөп 10 000 теңгеге дейін бағаланған.    

Жасұлан Халиуллин өз сөзінде ет, сүт өндірісіне де тоқталып өтті. Алты айдың қорытындысы бойынша өндірілген ет мөлшері 47,6 мың тоннаны құрап, 5,3%-ға артқан. Сондай-ақ 110,9 мың тонна сүт өндірілген. Қазір «Кублей» ЖШС маусым айынан бастап мал қабылдап жатыр. Кәсіпорын оңтүстік аудандардан жеткізілген малды бірінші қабылдайды.  

«Aqjaiyq» ӘКҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақовтың мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында бюджеттен 5,3  млн теңге қаражат қаралған. Оның ішінде 2,5 млрд теңге азық-түлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін болса, 2,8 млрд теңге «айналым схемасы» тетігі шеңберінде жұмсалады.

«Айналым схемасы» дегеніміз – тауарларды белгіленген бағамен сату міндеттемесімен кәсіпорындар мен өндірушілерге жеңілдікпен несие беру. Қажетті тауарлар корпорацияның және тауар өндірушілердің қоймаларында сақталады. Бүгінде 20 067 тоннадай қажетті азық-түлік қоры бар. Маусымдық кезеңде бағаның өсімі байқалса, облыс орталығындағы супермаркеттерге қоймадағы тауарлар шығарылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудандарда «айналым схемасы» тетігі шеңберінде қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асуда. Ондағы кәсіпкерлерге 8-9 тауар түріне бағаны белгілеу міндеттемесімен бір жыл мерзімге пайызсыз қарыздар беріледі. Бүгінде 8 ауданнан 9 кәсіпкер 215,1 млн теңгеге қаржыландырылып, 680 тоннадан астам азық-түлік қорын қалыптастырған.

Ержан Досмақовтың айтуынша, тауар өндірушілердің көбінде көкөніс сақтайтын қойма жоқ.  Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін республикаға тарату бағдарламасының аясында берілетін 2,5 пайыздық несие көкөніс сақтау қоймаларын және су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, суармалы егіншілікті дамытуға да берілуде. Облыстық мәслихаттың депутаты, аграрлық мәселелер бойынша тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Ақылбек Сағитов киік мәселесінің әлі де шешімін таппай тұрғанын айтты.

«Облыста мал соятын орталық алаң жоқ. Мен өңірде мал соятын арнайы орын керек деп ойлаймын. Етке берілетін анықтама да сондай орталықта берілуі тиіс. Сонда ғана ет бағасын тұрақтандыруға себеп болады. Қазір біреу малды ауылдан сойып алып келіп, базарға апарады. Ал базарда етті сататын адам оның бағасын өзі қояды. Сойылған малды кері алып кете алмайтындықтан, иесі қандай бағаға да келіседі. Егер мал бір орталықтан сойылып, сол жерден тиісті анықтама беріліп, сауда орындарына жеткізілетін болса, етке қатысты қиындықтар тоқтар еді», – деді депутат.

Басқосуда ауылдағы ағайынның етін өткізе алмай қиналатындары, ал қаладағы тұрғындардың «ет қымбат» деген уәж айтатындары сөз болды. Ал мұндай қарама-қайшылықты болдырмас үшін, мал бағатын жандар облыс және аудан орталықтарында өтетін жәрмеңкелерге етті өздері әкеліп сатқандары жөн дейді депутаттар. Сол кезде ешқандай делдал да болмайды, ет бағасы да шарықтап кетпейді. «Olzha Alem Agro» АӨК өкілі Бауыржан Сабанов та түйткілге қатысты сөз алды.

«Киік мәселесін шешу үшін оның етін өндіретін инвестор шақыру керек. Оңтүстік аудандарда  мал етін өндіретін комбинат салу қажет деп санаймын. Ауыл шаруашылығын қолдау, дамыту осы салада жүрген еңбек адамына деген құрметтен басталады. Жалпы 365 күн мал соңында жүрген шаруаның мәртебесін көтеретін кез келді. Қарапайым шаруаларды насихаттауымыз керек» деген пікірін жеткізді кәсіпкер.

«Аманат» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрлан Рақымжанов, облыстық мәслихаттың депутаты Сержан Идиятов та пайым-ойларын ортаға салды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале