Мұның бірінші себебі, мектептердегі психологтардың жұмысы әлсіз ұйымдастырылады. Олар көбіне қағаз жүзінде жұмыс істейді. Екінші себебі, балалар арасындағы суицидке қатысты қылмыстық істерді полиция сапасыз тергейді. Сот сараптамасы жасалмай жатып қылмыстық істерді қысқартып тастайды. Осының салдарынан суицидтің себебі анықталмайды деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев.
БҚО-да балалар арасында суицид өршіп тұр. Балалардың бесіктен белі шықпай жатып өмірден баз кешуіне не себеп? Мәселен, осы жылдың 9 айында тоғыз жасөспірім мына өмірмен қош айтысқан. Жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері неге өсті? БҚО Прокуорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев мұның себебін мектептердегі психологтардың жұмысының әлсіздігімен немесе мамандардың тәжірибесіздігімен байланыстырады. Даурен Умаргалиевтың айтуынша, көп мектептердегі психологтар жұмысты дұрыс жүргізбей отыр.
Балалар арасындағы суицидтің статистикасы төмендегідей.
2020 жылы – жеті бала, 2021 жылы – тоғыз бала, 2022 жылы – екі бала, 2023 жылы – бес бала, ал 2024 жылдың тоғыз айында тоғыз бала өзіне өзі қол жұмсаған.
Үйлестіру кеңесінде сөз алған БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев балалармен жұмыстанатын психологтардың тәжірибесіздігі мен жұмыстың әлсіз ұйымдастырылуы осындай балалар арасындағы суицидтің өсуіне әкеліп отыр деді.
Оның айтуынша, БҚО-да мектеп психологтарының 50 пайызы сырттай білім алған. Ал 76 психологтың жұмыс істегеніне тек үш жыл толған тәжірибесіз жас мамандар екен.
– Біздің тапсырмамызбен Психологиялық қолдау орталығы өз-өзіне қол жұмсау себептеріне талдау жасады. Осы талдау нәтижесіне сүйенсек, балалар бірінші кезекте ата-аналарымен жанжалдан кейін, отбасындағы қақтығыстан кейін өзіне өзі қол жұмсайды. Одан кейін әрине, әсер ететін ортасы, достары болады. Бұл жерде балалардың психикасын сақтау және нығайту міндеті жүктелген мектеп психологтары маңызды рөл атқарады. Алайда олардың жұмысы жасөспірімдер арасындағы жағымсыз үрдісті азайтуға көмектеспей отыр. Атап өтілгендей, психологтардың жартысы сырттай білім алған, 18%-ы үш жылға дейін тәжірибесі бар жас мамандар. Төмен жалақыға байланысты кадрлардың жиі ауысуы байқалады, сапалы психологиялық қолдау көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалмаған, - деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев.
БҚО прокуратурасы облыстағы барлық мектептерге тексеріс жүргізген. Сол тексеріс нәтижесінде психологтардың тек формальды жұмыс істейтіні анықталыпты.
– Мысалы, Байтерек ауданындағы мектептердің бірінің психологы 57 оқушыны тәуекел тобына енгізген. Алайда балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс жасалмаған. Дарьян кешкі мектебінің штатында психолог мүлдем көзделмеген. Оқу-ағарту министрінің бұйрығы бойынша білім беру ұйымының штатында психологтың болуы міндетті болып саналады, - деді өз сөзінде Даурен Умаргалиев.
Прокурордың айтуынша, суицидпен күресте полиция да жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Тіпті балалардың өзіне өзі қол жұмсау фактілері дұрыс тергелмейді дейді прокурорлар.
– Балалар суицидімен байланысты қылмыстық істерді тергеу сапасыз жүргізіледі. Биылғы жылы мұндай тоғыз қылмыстық істің тек екеуі бойынша сараптамалар тағайындалған. Соның салдарынан олар бойынша шешімдер оқиғаның барлық мән-жайы анықталмастан, мерзімінен бұрын қабылданады. Нәтижесінде, тергеудің толық болмауына және балалардың мұндай шарасыз қадамға бару себептерінің анықталмауына байланысты алты істі тоқтату туралы шешімдерді бұздық. Енді баланың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарламалар бойынша тергеудің сапасы мен уақтылылығын қамтамасыз ету үшін прокурор оқиға орнына барып, мұндай істерді арнайы бақылауға алады,- деп атап өтті БҚО прокурорының бірінші орынбасары Даурен Умаргалиев.
Прокуратура өкілдері тиісті органдар балалар арасында суицидтік мінез-құлық тудыратын контентке талдау жасау үшін әлеуметтік желілер мен интернет платформаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізуге міндетті.
БҚО Прокуратурасы тек осы жылы суицидтік бағыттағы 20-дан астам каналдарды одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізген.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz