Балалар ұрлық, тонау, алаяқтық қылмыстарына жиі барып отыр. Бесіктен белі шықпай жатып, қылмыс әлеміне араласқан балалардың тағдырына тәртіп сақшылары алаңдайды. Бірақ әзірге профилактикалық шаралар нәтиже бермей отырғанға ұқсайды.
Мәселен, 2022 жылы 96 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 125 қылмыс тіркеліпті.
Бұл туралы БҚО ПД Ювеналды полиця тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы Мирлан Казекенов айтты.
-Кәмілетке толмаған балалар мүліктік сипаттағы 98 қылмыс жасады. Олардың қатарында 6 ұсақ ұрлық, 44 ұрлық фактісі, 26 алаяқтық қылмысы, 15 тонау, 3 бопсалау, 4 көлік құралдарын ұрлау фактісі тіркеліп отыр. Полиция департаментінің есебінде кәмілетке толмаған 125 бала есепте тұр. Бұдан бөлек есепте тұрған 139 қолайсыз отбасы бар, ол отбасыларда 160 бала тәрбиеленіп жатыр,- деді БҚО ПД Ювеналды полиця тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы Мирлан Казекенов.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың санын азайту мақсатында профилактикалық жұмыстарды жүргізе беретіндктерін айтады.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz