Батыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері қатты ыстық болып тұр. Сол жоғары температура әсер етті ме, бүгін бірнеше жерде өрт оқиғасы тіркелді.
Халықты ерекше алаңдатқаны Теректі ауданы, Әйтиев ауылы маңындағы өрт. Түс мезгілінде "Ауылға өрт жақындап қалыпты, халықты көшіріп жатырған көрінеді" деген жел сөз желіні алып кетті. Біз дереу Әйтиев ауылына бардық.
Абырой болғанда төтеншеліктер мен ауыл тұрғындары, еріктілер өртті сөндіріп үлгеріпті. Біз барған кезде техникалар кері қайтып жатты.
Жолда Пойма ауылынан аса бере қызыл жалынды көзіміз шалды. Сол жерге жеткенімізде Ақсуат ауылының әкімі Жаннұр Ахметов өзі бастап, ауыл тұрғындарымен бірге өрт сөндіріп жүргенін көрдік. Әкімді сөзге тарттық. "Өрт сағат күндізгі 12:30-дар шамасында басталды. Әйтиев ауылындағы өртті сөндірдік. Ауыл тұрғындары мен еріктілерге бой бермейтінін байқағасын арнайы техникасы бар мамандарды шақырттық. Ауа райы өте қолайсыз болып тұр", - деді Ақсуат ауылының әкімі Жаннұр Ахметов.
БҚО ТЖД баспасөз қызметі бүгіндікке өрт сөндірушілер 41 шақыртуға шыққанын айтып отыр.
-Облыс бойынша Теректі, Ақжайық, Бөрлі, Казталов, Бәйтерек аудардарындағы өрт оқиғаларын өшіру жұмысы жүріп жатыр. Департамент жанынан жедел штаб ашылды. Теректі ауданы, Әйтиев ауылындағы жағдай тұрақты, - делінген хабарламада.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz