Бүгінгі таңда апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешу мақсатында облыстағы барлық қаржыландыру көздерінен 10 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Осындай білім беру нысандарының 4-уі облыс орталығында болса, 6-уы аудандарда. Соның ішінде 2 мектеп республикалық бюджеттен бөлінген субвенциялар есебінен, 4 мектеп «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы ауқымында, 2 мектеп жергілікті бюджет қаржысынан, 2 мектеп құрылысы жеке инвесторлар есебінен салынуда. Биыл 8 мектеп құрылысына 4,8 млрд. теңге бөлінген.
2 шілде күні мектептер құрылысы мен оны күрделі жөндеуден өткізудің өзекті мәселелері облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Кеңес Zoom жүйесі арқылы өткізіліп, оған аудандық білім беру бөлімінің өкілдері қатысты. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева мектеп нысандарының жай-күйі туралы баяндама жасады. Оның баяндамасында айтылғанындай, облыста оқушылардың жалпы контингенті 5760 оқушыны құрайтын 5 үш ауысымда оқытатын Орал қаласындағы №20, №18 және №30, сондай-ақ Подстепное ауылындағы қазақ мектебі, Ақсай қаласындағы №7 мектептер бар. Оларда орынның жалпы тапшылығы 1833 оқушыны құрайды. Сонымен бірге облыс бойынша Орал қаласындағы №33, №31, Казталов ауданы, Казталов ауылындағы А.Оразбаева, Жұлдыз ауылындағы Хұсайынов атындағы, Сарықұдық ауылындағы және Ақжайық ауданындағы М.Өтемісов атындағы, Қоныс ауылындағы орта мектептер апаттық жағдайда тұр.
–Биыл жыл соңына дейін Казталов ауылындағы 600 орындық мектептің, Орал қаласындағы №33 үш жүз орындық мектептің, Казталов ауданындағы Сарықұдық ауылындағы 60 орындық мектептің және Бәйтерек ауданы Янайкин ауылындағы мектепке 2 қабатты жапсаржай салу құрылыстарын аяқтау жоспарда бар. Алдағы оқу жылында барлығы 1084 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттайтын болады. Сонымен қатар қазіргі күні облыстық білім басқармасының өтінімі негізінде «Газпромпроект» ЖШС жобалау ұйымы «Болашақ-Т» ЖШС құрылыс компаниясының құрама темірбетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарынан (панельдерінен) шағын жинақты мектептерді жобалауды бастады. Мектеп құрылысы Бәйтерек ауданының Жалын ауылында 50 орындық және Теректі ауданының Абай ауылында 100 орындық болады деп жоспарлануда. Бұл жобалар облыстық білім басқармасымен келісілді. Облыстық құрылыс басқармасымен бірге жерге акт, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, эскиздік жобаны келісу сияқты бастапқы деректерді ұсыну бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сол сияқты облыстық құрылыс басқармасы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджеттік өтінім жіберу үшін ауылдық елді мекендерде 50 және 100 оқушы орнына 16 ШЖМ бойынша құжаттама әзірлеуді қолға алуда, - деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, облыс бойынша барлығы 624 мектептің 85-і күрделі жөндеуді талап етеді. Соның ішінде 14 орта мектепке мемлекеттік сараптама жүргізілсе, 4 мектепке осындай сараптама жүргізу керек. Ал 28 мектепке жобалық-сметалық құжаттама істеу қажет. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде және жергілікті бюджет есебінен 10 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізу үшін 2 млрд.-тан астам теңге бөлінді. Дариян ауылындағы орта мектептің күрделі жөндеуі аяқталған. Ақсай қаласындағы №3, №4 орта мектептерге және Батыс Қазақстан индустриалдық колледжіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Осы арада былтыр күрделі жөндеу жүргізілген 33 білім нысанына 8,4 млрд. теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ облыста 2025 жылға дейін 66 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның 46-ы шағын кешенді мектеп болып саналады.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz