Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялық қызметі ұйымдастырған онлайн брифингте Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов баяндады.
– Биыл баршамызға белгілі, Құрбан айттың алғашқы күні 31 шілдеге келіп тұр және 1-2 тамызға дейін созылады. Covid-19 пандемиясына байланысты Құрбан айт рәсімі биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ұсынысымен онлайн форматта өтеді.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 3 шілдедегі қаулысына және облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 4 шілдедегі қаулысына сәйкес мерейтойлар мен отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Сонымен қатар, бүгін, яғни 28 шілде күні Орал қаласының Бас санитарлық дәрігерінің «Орал қаласының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін іс-шараларға тыйым салу туралы» №64 ҚАУЛЫСЫ шықты.
Қаулыға сәйкес:
1. Орал қаласының әкімдігіне, Орал қаласының полиция басқармасына, БҚО дін істері басқармасына, Орал қаласының бас имамына, Құрбан айт мерекесін тойлау кезіңінде 2020 жылдың 31 шілдесінен 2 тамызы аралығында төмендегі іс-әрекеттерге тыйым салынады:
1) Меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй иеліктерінде адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге;
2) Орал қаласының аумағында Орал қаласының әкімдігі белгілеген орындардан басқа жерлерде мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде мал сатуға;
3) 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Орал қаласының бас имамы белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтарының жұмысын тоқтату;
4) БАҚ арқылы онлайн режимде құрбандық шалуды ұйымдастыру туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
Сонымен қоса, қаулыға сәйкес 29 шілде мен 2 тамыз аралығында Орал қаласының ветеринариялық инспекциясына қала аумағында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды күшейту тапсырылды. Сондай-ақ, мал союмен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің басшыларымен осы қаулының тармақтарының орындалуын бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.
Аталған қаулыда Орал қаласының әкімдігіне, Орал қаласының полиция басқармасына, БҚО Дін істері басқармасына, Орал қаласының бас имамына, Құрбан айт мерекесін тойлау кезіңінде «Құрбан айт» мерекесін ұйымдастыру мәселелерін халыққа түсіндіру үшін Call-орталықтың жұмысын ұйымдастыру тапсырылған.
Меншік нысанына қарамастан мал союмен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне Құрбан айт мерекесіне атсалысқан адамдарды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ете отырып, мұқтаж азаматтарға тез бұзылатын өнімдерді (құрбан болған жануарлардың еті) тасымалдау және сақтау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелер талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, мал союды ветеринарлық сертификаты болған жағдайда жабық жерде және өзге қатысушыларсыз өткізу, малды союға тыныс алу органдары ауруларының белгілері бар қызметкерлерді жібермеу, мал сою цехтарында тиісті санитарлық жағдай жасау, дезинфекциялық құралдардың, бетперделердің, қолғаптардың және антисептиктердің қорымен қамтамасыз ету көзделген.
Сонымен қатар Орал қаласының полиция басқармасына мал сою орындарына бөгде адамдарды кіргізбеу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жүктелген.
Осы орайда өздеріңізге белгілі локдаун 2 тамызға дейін созылады. Яғни, 1 және 2 тамыз күндері қоғамдық көліктер жүрмейді, базарлар жабық болады. Осы атқарылып жатырған шектеу шараларының нәтижесінде еліміз бойынша, облыс орталығында коронавирустық инфекциямен шалдыққандардың саны төмендеуде.
Кеше облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шаһар басшысының төрағалығымен жиналыс өтті. Нәтижесінде биылғы Құрбан айт рәсімі келесідей форматта өтеді:
1. Онлайн түрде qurban2020.kz сайты арқылы;
2. Орал қаласы бойынша тек белгіленген 4 жерде «БҚО тұрақтандыру қоры» ЖШС (Ел ырысы, С.Датов к., 41а), «Батыс Адал ет» ЖШС (Вторая молодежная к., 1/6), «Шамшырақ» ӘКК (Меловые горки ауылы) және Зашаған кентіндегі Автокөлік жүргізушілерге арналған мамандандырылған ХҚКО-ң аумағы мекен-жайларынан құрбандық малдарын тек қана сатып алуға болады. Жылдағыдай бұл жерлерде құрбандық шалынбайды. Егер де Сіз шалған құрбандығыңыздың белгілі бір бөлігін мұқтаж жандарға бергіңіз келсе, экранда көрсетілген еріктілердің телефон нөмірлеріне (+7 747 114 18 27; +7 775 570 73 20) хабарласа аласыздар.
Осы айтылған механизмдер тұрғысында жұмыстар атқаратын боламыз - деді Бақытжан Хаберұлы.
Гүлмира Сансызбайқызы,
zhaikpress.kz