Қысылтаяң шақта еліміздің жанашыр азаматтары, партия белсенділері, жергілікті жерде өз кәсіптерін жүргізіп отырған жандар жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде. Бұл туралы бүгін БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн-брифингте "Nur Otan" партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев айтты.
-Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дер кезінде төтенше жағдай жариялап, дертке қарсы күресті күшейту жөнінде бірнеше тапсырмалар берді. Бұл бойынша мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, қарапайым халық та ушығып тұрған дертке дер кезінде тосқауыл болу үшін қатаң тәртіпке бағынуы қажет. Бұл өте маңызды. Үйде отырып, тәртіпке бағынудың өзі үлкен күш. Ал осындай сәтте мұқтаж жандардың қаражаттан қысылып, ішерге асы болмай қалып жатқан фактілер тіркелуде. Біздің облыстық партия филиалына келіп түскен өтініштің басым бөлігі көмек сұраушылар болып отыр. Дәл осындай қысылтаяң шақта еліміздің жанашыр азаматтары, партия белсенділері, жергілікті жерде өз кәсіптерін жүргізіп отырған жандар жомарттық танытып, халыққа көмектерін тигізуде.
Бұл шара «Біз біргеміз!» акциясы аясында жасотандық еріктілермен бірге ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда 1554 аз қамтылған отбасын азық-түлік себетімен және жеке гигиеналық заттармен қамтылды. Қиын-қыстау кезеңде халқына көмек көрсетуді өз міндеті санайтын осындай жанашыр адамдардың арқасында біз кез келген сыннан сүрінбей өтетініміз хақ,- деді М. Мұқаев.
zhaikpress.kz