14.08.2024, 19:00
Оқылды: 221

БҚО-да боксшылар мен бапкерлер марапатталды

Биыл өңір боксшылары айтарлықтай табысқа жетті. Сабыржан Аққалықов пен Ақнәр Ищанова 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионы атанса, Өнер Сейілхан жастар арасындағы сары құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Даниял Сәбит түрлі республикалық және халықаралық бокс жарыстарында жеңімпаз атанды. Одан бөлек кіші жасөспірімдер де ел чемпионаттарында тым тәуір өнер көрсетті.

IMG-20240814-WA0001

Бұл ақпарат Достық үйінде өткен облыстық бокс федерациясының жартыжылдықты қорытындылаған жиынында айтылды.

Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшылар мен бапкерлер, облыс боксына өзіндік үлесін қосқан спорт ардагерлері қатысқан жиында федерацияның қазіргі жағдайы мен болашақта қандай жұмыс атқарылуы керек екені айтылды.

Мәселен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтыруышысы, БҚО бокс федерациясының Құрметті президенті Қуаныш Уахасов жастарды бокс өнеріне тарту, келесі олимпиадаға баратын облыс боксшыларының дайындығын қазірден бастау керектігін айтты.

– Біздің облыстан жыл сайын Азия чемпионы шығып жатқан жоқ. Биылғы жетістіктің орны бөлек. Сары құрлықты бағындырған боксшы дайындау оңай емес. Сондықтан Азия чемпионатындағы жеңіс өңір бапкерлерінің бірлесе атқарған еңбегінің арқасында келді. Десе де басты бағдар олимпиада сосын әлем чемпионаты. Бүгінгі жеңіс үлкен белестердің бастауы болсын, - деді Қуаныш Уахасов.

IMG-20240814-WA0002

Сонымен қатар жиында боксшы Сабыржан Аққалықов сөз алды.

– Оралда да бокс өнері қарқынды дамып жатқанын көрсеткім келеді. Жастар арасындағы, ересектер арасындағы додаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік берген бапкерлерге алғысым шексіз. Алдағы уақытта жаттығуымды күшейтіп, ел үмітін ақтауға тырысамын, - деді Сабыржан Аққалықов.

Былғары қолғап шеберлерінің басқосуы соңында байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғаған боксшылар мен бапкерлер марапатталды. 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған Сабыржан Аққалықов пен бапкері Ержан Каримовке БҚО бокс федерациясының алғысхаты мен қомақты ақшалай сыйлық берілді. Ондай құрмет Қазақстан, Азия чемпионаттары мен универсиядада жеңімпаз атанған Ақнәр Ищанова мен бапкері Бейбіт Ищановке де көрсетілді. Жастар арасындағы Азияда қарсылас шақ келтірмеген Өнер Сейілхан мен бапкері Берік Жарылқасын да құрметке бөленді.

Жиын соңында бокс мамандары жеткен жетістіктен асып түсу жолында еңбек ету керек деп уағдаласты.

Түгелбай Бисен,

Фото: Марзия Зеин

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале