Батыс Қазақстан облысында 26 жастағы бұрынғы полиция қызметкерін өлтірді деген күдікті ұсталды.
Басылымның мәліметіне қарағанда, оқиға 26 қазанда Ақжайық ауданы Чапаево ауылында түнде болған. Полиция департаменті мәліметінше, 51 жастағы күдікті жанжал кезінде бұрынғы полицейдің жүрегіне пышақ сұғып алған. Жедел жәрдемді күтпестен полицей медициналық мекемеге жеткізілген. Ол Ақжайық ауданының орталық ауруханасына жетпей қаза болған.
Марқұм бұрын ішкі істер органдарында, яғни Ақжайық аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы болып жұмыс істеген.
Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі "Кісі өлтіру" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
БҚО сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 қазанда Ақжайық ауданының тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға алуға санкция берген.
ulysmedia.kz