Жуырда Теректі ауданында Біріккен ұлттар ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстандағы ұлттық консультанттары жергілікті ветеринария мамандарына әдістемелік тренингтер өткізді. Ветеринарларға мал ауруын анықтау және антибиотиктерді ұтымды пайдалану жөнінде дәрістер оқыды.
Мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шара «Қазақстандағы «Бірегей денсаулық» тәсілін нығайту және микробқа қарсы тұрақтылық пен зооноздық аурулармен күресудегі әлеуетін жақсарту» жобасы аясында өткі-зілді. Оқыту тренингін ФАО-ның Қазақстандағы байланыс және серіктестік кеңсесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Онда үш негізгі тақырып – антибиотиктердің мал шаруашылығында қолданылуы және олардың мал организмі мен қоршаған ортаға тигізетін ықпалы; мал ауруларын анықтау және ауру жұқтыруы ықтимал шаруашылықтарда жұмыс істегенде биоқауіпсіздік шараларын сақтау мәселесі талқыланып, түсіндірілді.
Дәріс барысында мамандар медицинаға қарағанда ветеринарияда антибиотиктердің көп қолданылатынын атап өтті. Олардың айтуынша, бұған екі фактор себеп болып отыр. Біріншісі, антибиотиктерді жануарларды тез өсіру үшін (өсу стимуляторлары) бақылаусыз қолдану болса, екіншісі, антибиотиктерді жемдік қоспаларға араластырып кеңінен пайдалану. Ал бұл жайт микроағзалардың антибиотиктерге төзімділігін арттырып қана қоймай, жануарлардың да, адамның да денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан ветеринария мамандары антибиотиктерді тиімді пайдалану және жануарлардың денсаулығын сақтаудың баламалы әдістері туралы ақпарат беруді жөн санап отыр.
– Мал арасында кездесетін ерекше қауіпті инфекциялар жануарлардың өздеріне ғана емес, адам денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Ветеринарлар ауруларды ерте кезеңде анықтай алулары қажет. Біздің мақсат – мамандарды аурудың кез келген ерекше белгілеріне мұқият қарауға үйрету. Бұл белгілер малдың себепсіз өлуі, ойық жара (язва), өнімділіктің төмендеуі немесе қан араласқан диарея болуы мүмкін. Мал аурулары тек байқалатын белгілерге емес, сонымен қатар көптеген басқа факторларға байланысты да диагностикаланады. Кей ауру белгілері жыл мезгіліне (жазғы немесе қысқы инфекциялар), жасына (бұзау немесе ересек ірі қара мал) немесе жануардың жынысына байланысты әртүрлі себептерге ие болуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір аймақтың ерекшеліктерін, оның ішінде сол жердегі белгілі бір аурулардың таралуын ескеру қажет, – деді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының ҚР-дағы Байланыс және серіктестік бюросының жоба жетекшісі, ветеринарлық эпидемиологы Дүрия Чарыпхан (суретте). Бұл маман үй жануарларының ауруларын анықтау жөнінде дәріс оқыды. Ал ҚР БҰҰ байланыс және серіктестік бюросының ұлттық консультанты, ветеринариялық зертханалық диагностика маманы Тасқын Қызайбаев мал шаруашылығында антибиотиктердің қолданылуы және жануарлардың ағзасына әсері жөнінде баяндады. Мәселен, мал дәрігерлері мен фермерлер бір ауру белгісі анықталса-ақ антибиотиктер береді. Ал бұл жануардың иммунитетін әлсіретіп, басқа індетке шалдығуын арттырады. Жануарларға берілген антибиотиктердің толығымен ыдырап, олардың ағзасынан шығуы үшін біраз уақыт керек. Ал етте, сүтте, бал немесе жұмыртқада сақталып қалған антибиотиктердің қалдықтары адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Маман антибиотиктерді жиі қолдануға әуес болмаған жөн дейді. Тек аса қажет болған жағдайда ғана пайдалану керек. ҚР БҰҰ байланыс және серіктестік бюросының ұлттық консультанты, ветеринар Алмат Әубәкіровтің айтуынша, антибиотиктер тек бактериялық инфекцияларға әсер етеді. Вирустық сипаттағы ауруларды емдемейді, яғни вирусқа әсер етпейді. Вирусқа қарсы антибиотиктерді қолдану жануар ағзасының оған деген төзімділігін арттыруы ықтимал.
«Жалпы ауру малды өзгелерден аулақ ұстау қажет және әр малға жеке күтім жасаған жөн. Дұрыс ем жасау үшін алдымен қандай ауру екенін анықтап алу қажет. Негізі, сараптама қорытындысын алған соң ғана ем-шара жүргізу керек», – деді ветеринар.
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау комитеті БҚО аумақтық инспекция басшысы Марат Отаралиевтің айтуынша, мұндай тренинг облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. «Мамандар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін ветеринарлармен кездесіп, дәрілік препараттарды қолдану тәртібі, антибиотиктердің пайдасы мен зияны, мал ауруларын анықтау жөнінде дәрістер оқыды. Бұл біздің мамандардың біліктілігін арттыра түседі», – деді инспекция басшысы. «Семинардан күнделікті жұмысымызға қатысты қызықты да пайдалы ақпараттар айтылды. Іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – ветеринарлық дәріханаларда тұрғындарға антибиотиктер ешқандай бақылаусыз сатыла береді. Дәрігерлер оларды қалай дұрыс және ұтымды пайдалану керектігін біледі. Бірақ оның талаптарын білмейтіндер, білсе де сақтамайтындар бар. Мысалы, кейбіреулер қорасындағы бір сиыры ауырса, барлық малын антибиотикпен еге салады. Бұл дұрыс емес, тек ауырған малды егу керек. Себебі антибиотик малды жаппай егетін вакцина емес», – деп өзінің әсерімен бөлісті Приречный ауылдық округінің ветеринарлық учаскесінің меңгерушісі Хакім Мұқатаев (суретте).
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мамандары (ФАО) облысқа келген сапарында Орал қаласында орналасқан Қазақстандағы ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Кублей» ЖШС-ға барды. Онда ФАО мамандары мен кәсіпорын өкілдері өзара ынтымақтастық мүмкіндігін талқылады. Аталмыш ұйым мамандары алдағы уақытта аса қатерлі мал індеттеріне мониторинг жүргізу тақырыбында тренингтер ұйымдастырмақ. Сонымен бірге ветеринарлардың білім-білігін арттыруға арналған екі айлық курс өткізуді жоспарлап отыр.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz