Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Онда көктемгі далалық жұмыстың өту барысы, жылыту маусымының қорытындысы және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, биылғы егіс алқабы 607 мың гектарды құрауы тиіс. Былтыр егілген күздіктермен қоса алғанда барлық дәнді дақыл – 287 мың га, майлы дақылдар – 116 мың га, картоп, көкөніс-бақша – 9 760 га, малазықтық дақылдар – 194 мың га.
– Диқандарды элиталық және 1 репродукциялы тұқымдарды көп пайдалануға ынталандыру үшін тұқым шаруашылығына субсидия берілуде. Мәселен, элиталық тұқымдар егіс алқабының 15%-дан 30%-на дейін, 1 репродукциялы тұқымдар үшін алқаптың 20%-дан 40%-на дейін субсидия бар. Жаздық егіске қажет тұқым көлемі – 28 мың тонна. Биыл машина-трактор паркі 5,5%-ға дейін жаңартылуы керек. Өңірде жалпы есепте 34 984 ауыл шаруашылығы техникасы бар. 13 602 комбайн мен трактор есепте тұр. Соның 7 840-ы немесе 58%-ы 1999 жылға дейін шығарылған. Әріптестерден пайдаланылмайтын техникаларды есептен шығаруды сұраймыз, – деді Рүстем Мүлкәйұлы. Баяндамашының мәліметінше, облысқа Атырау мұнай өңдеу зауытынан егіс жұмысына 8,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Жеткізуші оператор – «НЕФТЭК» серіктестігі, бір литр отынның бағасы – 238 теңге. Бүгінде шаруалар 7,1 мың тонна дизель отынын алу үшін оператормен келісімшартқа отырған. Бұл бөлінген отын көлемінің – 84%-ы. Р. Зұлқашев шаруалардың арзан жанар-жағармайдың тек 1,9 мың тоннасын алғанын және дизель отынының көлемі олардың өздері ұсынған өтінімдер бойынша қалыптастырылатынын атап өтті. Егер дизель отынының бір бөлігі алынбай қалса, қалғанын мал азығын дайындау жұмысына қайта бөлу жоспарланып отыр. Ал мамырдың 1-інде шаруалардан биылғы күздік далалық жұмысқа қажетті арзандатылған дизель отынын алуға өтінім қабылдау басталған. Алайда ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары өтінім беруге асығар емес. Күні бүгінге тек үш өтінім түскен. Өтінімдер «Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі» (gosagro.kz) арқылы қабылданады.
– Отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тәсілі енгізілуде. Жаңа механизм бойынша отандық зауыттардан сатып алынған аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштары құнының 60%-ы субсидияланады. Яғни «Казфосфат» ЖШС – аммофос, «КазАзот» АҚ аммиак селитрасын өндіреді. Биыл жоспардағы 36 мың тонна тыңайтқышты субсидиялауға 3,1 млрд теңгеге жуық қаражат қажет. Соның ішінде отандық тыңайтқыштарға – 2,5 млрд теңге, ал шетелдік тыңайтқыштарға – 0,6 млрд теңге. Биылғы жоспарды толықтай орындау үшін аудандағы әріптестер субсидиялау механизмдерін шаруаларға түсіндіргендері жөн. Аудан әкімдері тыңайтқыш алатындардың тізімін бекітіп, басқармаға жолдасын. Бұл механизм бойынша шаруа отандық зауытпен келісімшартқа отырады. Тыңайтқыштың толық құнының 40%-ын төлейді. Бөліп төлеуге де болады. Ал ауыл шаруашылығы басқармасы субсидияны зауыттың арнайы есепшотына аударады.
Шетелдік тыңайтқыштар құнының 50%-ы әдеттегідей субсидияланады. Осы ретте айта кету керек, отандық тыңайтқыштарды бөліп төлеу механизмімен алу үшін өндірушілерге облыс әкімінің қолы қойылған кепілхат жіберуіміз керек. Сондықтан Нариман Төреғалиұлы, сізден аудан әкімдеріне осы жұмысты ширату жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді Рүстем Мүлкәйұлы.
Бүгінде өңір шаруалары 332 мың гектарға ылғал жауып (75%), 64 мың гектарды (22%) культивациялаған. 2,7 мың гектар (54%) жер жыртқан. Сонымен бірге 22 мың га дәнді дақылдар, 7 мың га майлы дақылдар және 3 мың гектар малазықтық дақылдар егіп, 245 га картоп және 67 га көкөніс отырғызған.
Аппарат жиынында Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов көктемгі егіс жұмысы жөнінде қысқаша баяндады. Ауданда биыл 260 мың гектарға егіс егу жоспарланған. Көктемгі науқанға 1979 техника қатыспақшы. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 142 мың гектар. Былтыр шаруалар 1 млрд 942 млн теңгеге түрлі 102 техника алған. Биылғы бірінші тоқсанда 49 техника сатып алған. 37,5 мың гектарға ылғал жабылған. «Аудандарда ылғал жабуды ширату керек. Қолайлы ауа райын пайдаланып, бұл жұмысты тез бітірген жөн. Культивациялауды да аяқтайтын кез келді. Ал біз әлі ылғал жауып жүрміз. Жұмыс өте баяу жүріп жатыр.
Бұл мәселе тек Теректі емес, Бөрлі мен Шыңғырлауға және басқа да аудандарға қатысты. Тиісті шараларды қабылдаңыздар. Тыңайтқыш сатып алатын жандарға мемлекет қолдау көрсетеді. Рүстем Мүлкәйұлы, осы мәселені назарға алуыңыз керек», – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы. Өңір басшысы Президенттің 2028 жылға қарай елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын еске салды. Соған орай аудан әкімдеріне осы мәселені қатаң бақылауды тапсырды. Сонымен қатар тыңайтқыштарды алмаған аудандарға тиісті келісімшартқа отыру қажеттігін, ескі, пайдаланылмай тұрған техниканың бәрін есептен шығаруды баса айтты. Аудан-ауыл әкімдеріне арзандатылған дизель отынын шаруаларға уақтылы таратып беруді, фитосанитарлық жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әкімдер биылғы күздік дақылдарды егу жұмысына арналған дизель отынын алу үшін өтінімді мамырдың 15-іне дейін берулері қажет. Күзде «жанар-жағармай жоқ» деп сан соқпас үшін тез қимылдау керектігін қатаң ескертті. Сонымен қатар сай-салаға толған тасқын суды тиімді пайдаланып, жинап алуды ұсынды. Киіктердің көбеюіне қатысты туындайтын мәселені де атап өтті. Әсіресе, әкімдерге халықтың малына жем-шөпті қалай дайындауға болатыны жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. «Биыл Қаратөбе, Шыңғырлау, Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала және Ақжайық аудандарында шөп шығымы жақсы болады. Оңтүстік аудан басшылары осы аудан әкімдерімен қазірден бастап келісімшартқа отырып, мал азығын қалай ұйымдастыратындарын ойластырулары керек», – деді Нариман Төреғалиұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй сөз алды. Ол жылыту маусымының қорытындысы мен келесі кезеңге дайындық мәселесі жөнінде баяндады. Штаттық режімде өткен 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде ІІ дәрежелі 1140 технологиялық ақау тіркелген. Мұндай дәрежедегі ақау 5 мың адамнан 10 мың адамға дейін газ, су және электр қуаты жүйесінен ажыратылуы дегенді білдіреді. Яғни өңірде электрмен жабдықтау желілерінде – 945, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде – 97, газбен жабдықтау желілерінде – 98 дерек тіркелген. Абырой болғанда, жылу беру желілерінде технологиялық ақаулар болмаған. Егер өткен жылғы жылыту маусымымен салыстырсақ, технологиялық ақаулардың саны екі есеге азайған (былтыр 2 315 факт). «Бұл жылуаралық кезеңдегі инвестициялар мен жоспарлы жұмыстың нәтижесі» деп атап өтті басқарма басшысы.
Биыл коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық жобалары мен бюджеттік инвестициялар есебінен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 13,8 млрд теңге бағытталады. Яғни республикалық бюджеттен – 9,3 млрд теңге, жергілікті қазынадан – 1,0 млрд теңге және инвестициялық бағдарлама есебінен – 3,5 млрд теңге. Соның ішінде алдағы жылыту маусымына су бұру желілерін (2 жоба), электрмен жабдықтау желілерін (7 жоба) және жылумен жабдықтау желілерін (1 жоба) реконструкциялауға 10,3 млрд теңге (РБ – 9,3 млрд тг., ЖБ – 1,0 млрд теңге) бюджеттік инвестиция бөлінді. Алайда қажетті қаражат көзі бөлінгенімен, күні бүгінге дейін қаражат түскен жоқ. Бұған қарамастан мердігер мекемелер өз қаражаты есебінен тиісті жұмысты атқарып жатыр. Қаржыландыру болмаған жағдайда, бұл мәселе жылыту маусымының дайындығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Коммуналдық кәсіпорындардың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуі үшін инвестициялық жобалар есебінен 3,5 млрд теңге қаражат қарастырылды (инвестициялық бағдарламалар – 2,4 млрд теңге, жөндеу қоры – 1,1 млрд теңге). Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, инженерлік желілердің құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері қолданылуда, – деді Мирас Рүстемұлы.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ақпанда өңірге жұмыс сапарымен келгенде берген тапсырмасына сәйкес, облыстың инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңарту назарда тұр. Ол үшін 62,2 млрд теңгеге жылумен жабдықтайтын 2 жоба, сумен жабдықтайтын жеті жоба және су бұру жобасы, электрмен жабдықтайтын 14 жоба бойынша ЖСҚ әзірленіп, салалық министрліктерге бюджеттік өтінім жолданған. Басқарма басшысының сөзінше, басым бағыттағы қаржыландыруды қажет ететін жобалар – КСС-18 (кәріз сорғы стансасы), КСС-20 (көтергіш сорғы стансасы), ЖМ-5 (жылу магистралі) және Орал қаласына су әкелу жүйесін қайта жаңғырту жобалары. Бұл нысандарды жөндеуге кемінде 8 млрд теңге қажет.
Бұдан соң жиынға қашықтан қатысқан Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов және Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов жылыту маусымының қорытындысы жөнінде баяндады. Бөрлі ауданында жылу трассаларының 14%-ы, жабдықтардың 30%-ы тозған. Биылғы жылыту маусымына дайындық барысында Успен, Ақбұлақ, Қарағанды, Приурал, Кеңтүбек, Жаңаталап ауылдарындағы әлеуметтік нысандардағы қазандықтар ауыстырылады және Ақсайдағы 10-шағынаудандағы қазандықтар күрделі жөнде-леді. Аудандағы «Ақсайжылуқуат» МКК 7822 тұрғын үй мен 356 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Ақсай қаласының 4-шағынауданындағы ұзындығы 1,4 шақырым сумен жабдықтау желісі күрделі жөнделмек. Облыс әкімі аудан басшыларына тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Аппарат жиынының соңында өңір басшысы Нариман Төреғалиев әкімдер мен құзырлы мекеме басшыларына бірқатар тапсырма берді. Мәселен, Орал қаласының және аудандардың әкімдері коммуналдық мекемелермен бірлесіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы жөніндегі іс-шаралар жоспарын маусымның 1-іне дейін бекітулері керек. Әкімдер инженерлік жөндеу жұмыстарының қыркүйектің 1-іне дейін аяқталуын қадағалаулары тиіс. Облыстағы көпқабатты үйлер жылыту маусымына дайындық паспорттарын қыркүйектің 30-ына дейін алулары шарт. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы Орал қаласының және аудан әкімдерімен бірлесіп, электр қуаты сөнгенде ұялы байланыс ажырап қалатын ауылдарға электр көзін уақытша қосатын дизель (бензин)-генераторлар сатып алулары тиіс. «Орал және Ақсай қаласының әкімдері, көшеде сымсыз тұрған электр бағаналарын алып тастаңыздар. «Қазақтелеком» АҚ жерасты электр желілерін өткізулері тиіс. Жайық өзені бойындағы елді мекендердегі дамбалар бұзылмайды. Керісінше, оларды нығайтамыз. Барлық аудан әкімдері дамбаларды тексеріп, қажет болса, нығыздап, бекітулері қажет», – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиев департамент пен басқарма басшыларына айтылған барлық мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»