Далада өліп жатырған киіктердің видеосы алдымен әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары облыстың оңтүстік аудандарында киіктің қырылып жатқанын айтқан.
Бұл фактіге қатысты БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов былай деді.
-4 сәуір күні Мұратсай су қоймасында киіктердің өлекселері жатқаны туралы ақпарат түсті. Ол жерден 30 шақты киіктің өлексесі табылды. Оларды судан алып, тиісті жерге апарып жойдық. Бұл киіктер судан өте алмай өліп қалған. Өздеріңіз білесіздер былтырдан бері су қоймаларына өте мол су келіп жатыр. Сол киіктер судан өте алмай қалып жатыр. Биыл облыс бойынша 290 бас киіктің көзі жойылды. Жалпы киіктің өзі әрі кетсе 5-6 жыл өмір сүреді. Киіктердің даладан өлекселері табылып жатқаны бұл табиғи құбылыс. Бұл арнайы ұйымдастырылған өлтіру немесе қыру жұмыстары емес, - деп атап өтті БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.
Қазіргі уақытта тек БҚО өзінде 2 млн 300 бас киік бар деп отыр мамандар. Ал биылғы киік санағы осы сәуір айында жүргізіледі. Және биыл көктемнің ерте шығуына байланысты киіктердің де төлдейтін уақыты осы сәуір айында күтіліп отыр.
Жанат Көшкінбай,
Сурет: Мейірбек Тәжқұранов