2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. ҚР Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы елде декларацияны 2,4 млн жеке тұлға табыстауы қажет. Жыл басынан бері олардың 46%-ы, 1,1 млн азамат декларация тапсырды.
Сурет Ulysmedia.kz сайтынан алынды
Үшінші кезең декларанттары қатарына кіретіндер:
- Заңды тұлға жетекшілері мен олардың жұбайлары;
- Жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары;
- 2023 жылы жұмысқа кіріп, 2024 жылғы 1 қаңтарда мемлекеттік мекеме, квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жатқандар мен олардың жұбайлары.
БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңінің аралық қорытындысын ұсынды.
«Декларация декларацияны табыстау жылының алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы және (немесе) оның шегінен тыс жерлердегі активтер мен міндеттемелерінің баржоқтығын көрсетуге арналған. Бұл ретте бейрезиденттер, коммерциялық емес ұйымдардың құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлері декларацияны ұсынудан босатылды», – деп хабарлады департамент.
2024 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 73,5 мың жеке тұлға құжат тапсырады. Қаңтар айынан бері 26,8 мың жеке тұлға немесе декларанттардың жалпы санының 36,5% декларацияны тапсырды.
Оның ішінде декларацияның 99,9%-ы электронды түрде, атап айтқанда, салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz мобильді қосымшалары арқылы табысталған.
МКД декларацияны ұсыну бойынша Қаратөбе мен Жәнібек аудандарының тұрғындары өте белсенді екенін атап өтті. Дүние-мүлік, табыс есебін азаматтар 15 қыркүйекке дейін тапсырып болуға тиіс.
ҚР Қаржы министрлігі декларация бойынша бірқатар сұрақтардың жауабын ұсынды:
1. Бейрезиденттер 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну қажет пе?
Жоқ, қажет емес. Салық кодексіне 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бейрезидент жеке тұлғаларды деклараттар шеңберінен активтер мен міндеттемелер декларацияны ұсыну міндетінен алып тастау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
2. Мен дара кәсіпкермін және 2023 жылы қызметімді тоқтаттым. 2024 жылы 250.00 нысанындағы декларацияны тапсырамын ба?
Иә, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру бойынша міндеттемелер (250.00 нысан) өз қызметін тоқтата тұрған және әрекетсіз кәсіпкерлерге де туындайды.
3. Менде Қазақстанның бірнеше қаласында жылжымайтын мүлік бар. Мен барлық пәтерімді декларацияда көрсетуге міндеттімін бе?
Жоқ, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстан Республикасынан тыс шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік қана көрсетіледі.
4. Бұрын мемлекеттік қызметші болған және 250.00 және 270.00 нысанды декларацияны тапсырған. Өткен жылы зейнетке шықты. Биыл 270.00 нысаны бойынша декларация тапсыруы керек пе?
Иә, керек. Салық кодексінің 633-бабына сәйкес жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген, бұрын 250.00 нысанындағы декларацияны ұсынған барлық жеке тұлға мәртебесіне қарамастан (мемлекеттік қызметтен кеткен, зейнетке шыққан және т. б.) жыл сайын 270.00 нысанындағы декларацияны табыс етеді.
5. Егер менде жылқылар мен басқа да жануарлар көп болса, үй жануарларын декларацияда көрсетуім керек пе?
Декларацияда азаматтар өз қалауы бойынша бірлік құны (1 бас) 3,5 млн теңгеден (1000 АЕК) асатын қымбат тұқымды жануарларды декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар.
Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді Мемлекеттік кіріс органдары уәкілетті органдардан алады. Сол себепті оларды декларациялаудың қажеті жоқ.
Нұртай Текебай
zhaikpress.kz