6.08.2024, 11:30
Оқылды: 189

БҚО-да діни ахуал тұрақты

Өңір тұрғындары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға теріс діни ағымдарға қарсы насихат жүргізуге, Қазақстан халқының дәстүрлi мәдени құндылықтарына сай келетін сананы қалыптастыру және дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бағытында іc-шаралар өткізуге бюджеттен 117 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда аталған қаржының 48 пайызы игерілді. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Азат Қаратай мәлімдеді.

4BFF15EE-058F-4411-934E-40FA077A341F

Ол өз сөзінде облыста 8 конфессияны құрайтын 86 діни бірлестік жұмыс істейтінін, 83 ғибадат үйі тіркелгенін жеткізді. Сондай-ақ Азат Айболатұлы діни әдебиетті және осы мазмұндағы материалдарды сатуға арналған жеті арнайы орын белгіленгенін де атап өтті.

Жалпы басқарма басшысы аймақтағы діни ахуал тұрақты, облыстағы түрлі дін өкілдері мен этностар тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын тілге тиек етті.

Десе де нысаналы топ өкілдерін оңалту және бейімдеу жұмысына басымдық беріледі.

– 482 адамға теологиялық және психологиялық кеңес беру бағытында 637 жеке кездесу өткізілді. Аталған бағыттағы жұмыстарға басқармадан бөлек, қала және барлық аудан әкімдіктері де қолғабыс етті. Осындай кездесулердің нәтижесінде 23 адам дәстүрлі дінге деген көзқарасын өзгертсе, 30 адам қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімделді. Аталған бағыттағы жұмыстарды іске асыруға 33 теолог жұмылдырылды. Олардың 14-і аудандарда болса, қалада – 14 және ҚМДБ БҚО өкілдігі жанынан тағы 7 маман бөлінді, – деді Азат Қаратай.

Қазіргі таңда теріс діни  насихат интернет кеңістігінде де қарқынды жүргізіледі. Соның алдын алу үшін басқарма әлеуметтік желілер мен ғаламторға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Нәтижесінде деструктивті сипаттағы 12 770 материал анықталып, сараптамаға жіберілген. Қорытындысында 701 материал бұғатталған. Өңірде діни қарым-қатынас саласына қатысты 7 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген.

– Істі болғандардың арасында Орал қаласының тұрғындары және Ресей Федерациясының 1 азаматы бар. Олар ҚР ӘҚБтК0-нің 453-бабы 1-бөлігі, 453-бабының 4-бөлігі, яғни әлеуметтік желілерінде тыйым салынған экстремистік материалдарды жариялау, сондай-ақ 490-бабы 1-бөлігі бойынша діни ғибадат үйлерінен тыс жерлерде дiни жораларды, рәсімдерді немесе жиналыстарды өткізу дерегі бойынша сот қаулысымен кінәлі деп танылды. Содан соң әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 210 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төледі, – деді Азат Айболатұлы.

Басқарма биыл алты айда дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын арттыру, конфессияаралық келісімді нығайту, адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау мақсатындағы жұмысты жүзеге асырып келеді.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігі пайдаланылды.

Осы кезге дейін жалпы саны 1 065 материал жарық көрген. Халықтың діни сауатын арттыруға бағытталған жұмыстар одан әрі жалғастырыла  береді.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале