13 шілде күні БҚО-да 5 табиғи өрт – 3 дала және 2 орман өрті болды. 14 шілде күні 9 өрт дерегі тіркелген. Келген шығын есептелуде дейді БҚО ТЖ департаменті.
Өрт болған жерге облыс әкімі Ғали Есқалиев барды. Әкімнің тапсырмасымен өртті сөндіру мен салдарын жою үшін жедел штаб құрылды. Жағдай бақылауда.
13 шілде күні сағат 17:10-да Ақжайық ауданының Чапаев ауылындағы өрт бөлімшесінен 30 шақырым жерде Чапаев орман шаруашылығының территориясында 7 гектар құрғақ шөпті алқап пен 20 гектар үйеңкі орманы өртенген. Сол кезде ауа температурасы 41С градус, желдің жылдамдығы 15-20 м/с болған. Өртке төтеншеліктердің 10 техникасы мен 75 қызметкері, орман шаруашылығының 8 техникасы мен 45 қызметкері, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының 75 адамы мен 10 техникасы жұмылып, 14 шілде күні сағат 17:57-де сөндірген.
13 шілде күні сағат 23:50-де Ақжайық ауданының Бударин ауылына қарасты Коловертное ауылынан 10 шақырым жерде өрт басталған. Қатты желдің салдарынан өрт Жайықтың келесі жағасына – Ақсоғым ауылының территориясына ауысқан. 14 шілде күні Коловертное ауылындағы өртті сөндіруге қосымша күш келеді. Жалпы 16 гектар аумақты шарпыған өрт сағат 18:02-де сөндірілген.
Екі үй, 4 шаруашылық құрылыс өртеніп кеткен. Коловертное ауылынан 42 адам эвакуацияланған. Бұл 55 үй бар ауылды 130 тұрғын мекен еткен. Қазір тұрғындар үйлеріне оралды, зардап шеккендер жоқ.
Ауылға қауіп төнген бұл өртті сөндіруге Атыраудан «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-884 тікұшағы көмекке тартылды. Тікұшақтан 90 тонна су себілген.
13 шілде күні Көнеккеткен ауылы аумағындағы Есенсай орман шаруашылығының 9 гектар орманды алқабы отқа оранды. Бұл жерде 1 техника мен 4 төтеншелік, 12 ерікті жұмыс жасады.
14 шілде күні Теректі ауданының Шағатай және Ақсоғым ауылының арасында 16 гектар жер өртенді. Төрт төтеншелік пен 20 орман шаруашылығының қызметкері өртті сөндірді.
Нұрлыбек Нұрланұлы
zhaikpress.kz