Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішкі істер органдарының 818 қызметкері мен әскери қызметшісі қаза тапты. Оның 184-і қылмыскерлерді ұстау және адам өмірін сақтап қалу кезінде қаза болған. Бұл туралы БҚО ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында бірқатар мектепте ерлік сыныптары, алғашқы әскери дайындық сыныптарында «Батырлық сыныптары» ашылып, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкерлерінің есімдері берілді.
Оның бірі Бәйтерек ауданы Достық ауылындағы өзі білім алған ауыл мектебінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ІІО ардагері Кучер Олег Петровичтің құрметіне «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында «Батылдық сыныптары» ашылды. Онда тәртіп сақшысының өмірбаяны мен суреттері қойылған.
1995 жылы 22 тамызда полиция сержанты Олег Кучер қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша кезекшілікке түседі.
Кешке дейін ол азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қараумен айналысады. 22 тамыз сағат 23.00-ден 1995 жылғы 23 тамыз сағат 02.00-ге дейін О.П. Кучер Фурманов ауылдық әкімшілігінің аумағында орналасқан саяжай массивтерін тексереді. Тексеру кезінде ұрланған заттар салынған сөмкені табады. Ұрлық жасаған күдіктіні қоғамдық тәртіпті қорғау бекетіне жеткізеді. Алайда үйге қайтар жолда сағат түнгі 04.00-де кезекшілік аяқталғаннан кейін О. Кучер бұрын сотталған күдіктінің ағасымен кездеседі. Полиция сержантына киліккен ол төрт жерден пышақ сұғып, жарақаттайды.
Дәл сондай ерлікті дәріптеу бағытындағы сынып қаладағы №20 мектепте Иват Мумбаевқа арналды.
Иват Кубайдулович Орал қаласының маңындағы Ветелки ауылында 1969 жылы 23 кыркүйекте дүниеге келген. 1984 жылы Орал қаласындағы №6 кәсіптік-техникалық училищесінде тепловоз жүргізушісі мамандығы бойынша оқуға түскен. Аталған училищеде оқып жүріп, 1987 жылы локомотив жүргізушісінің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1988 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын атқаруға кетеді.
Әскер қатарында атқыштар бөлімше командирі болып қызмет етеді. 1990 жылы туған елге оралып, сол жылы ІІО-ға Оралдағы медициналық айықтырғыш бөліміне милиционер болып қабылданған. Алғашқы дайындық курсын 13.11.1990-18.05.1991 жылдары Қостанай ІІБ облыстық атқару комитетінің облысаралық оқу орталығында өткен. 1992 жылдың 4 қаңтар күні қауіпті тәртіп бұзушыларды ұстау кезінде жарақаттанып қайтыс болған.
Сондай-ақ БҚО Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының тумасы Шыңғыс Сафиуллин және Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ІІО ардагері Павел Шошиннің құрметіне арналған «Батырлық сыныптары» ашылды.
Ашылу салтанатына БҚО ПД және аудандық полиция бөлімінің басшылығы, батырлардың ұрпақтары, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Шара барысында қызмет атқара жүріп, жұлдызы ерте сөнген батырлардың өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке олардың ерлігі дәріптелді. Мектеп оқушылары ерлік туралы өлең оқып, ән орындады. Әр мектеп басшылығы полицейдің қайтпас қайсарлығы мен жанқиярлығын үнемі жас ұрпаққа үлгі етіп отыратынын жеткізді.
zhaikpress.kz