2.08.2024, 10:00
Оқылды: 41

БҚО-да есепшілердің арасында ұры көп

Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өндірісінде жыл басынан бері 22 қылмыстық іс тіркелген. Оның 14-іне немесе 61%-ына нүкте қойылған.

B8A85878-01A4-410E-B951-4EE9464ACDC8

– Бюджет қаражатын жымқыру мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға кері әсерін тигізетіні даусыз. Департаментте бюджет ақшасын талан-таражға салуға жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, сумен жабдықтау нысаны бойынша іс жүзінде аяқталмаған және асыра бағаланған жұмыстар үшін мердігерге 39,1 млн теңге ақы төлеу фактісі анықталды. Қазіргі уақытта бюджетке 21,8 млн теңге қайтарылды. Сондай-ақ такси қызметін көрсетуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыруға қатысты іс тіркелді. Бұл қылмыстық іс әлі тергелуде. Мемлекеттік секторда шенеуніктердің, әдетте мекеме есепшілерінің ақша жымқырулары жиі орын алып отыр. Биыл алаяқтық жасады деген айыппен Теректі ауданындағы мемлекеттік мекеменің бас маманына (заңгеріне) қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды. Теректі аудандық соты сотталушыны ҚР ҚК-ның 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтарымен кінәлі деп таныды. Оған мүлкін тәркілеусіз, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Департаментте осыған ұқсас істер тергелуде, – деді БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ерсаин Жұмабаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Ерсаин Кенжебайұлының мәліметінше, Қаратөбе ауданындағы бір мемлекеттік мекеменің есепшісі ақша ұрлау үшін мекеме директорының ЭЦҚ кілтін пайдаланған. Осылайша, 7 млн теңгеге жуық ақшаны жымқырып, құмар ойындарға жұмсаған. Тергеу барысында бухгалтер-лудоман тек 1 млн теңге көлемінде залалды өтеген. Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, сол мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Мемлекет қаражатын жымқыру деректері ауыл шаруашылығы саласында да кездесуде. Биыл бір топ адам «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» ұлттық жобасы аясында бөлінген 2,5 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу арқылы ұрлаған. Келтірілген шығын сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өтеліпті.

Департамент акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын болдырмау үшін күреседі. Биыл шыққан тегі белгісіз 100 мың қораптан астам темекі көлеңкелі айналымнан алынды.

«Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз ойын бизнесі белгілері бар 296 сайт бұғатталды. 87 сілтеменің мән-жайы тексерілуде. Сондай-ақ көлеңкелі экономика саласында 468 млн теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды беру фактісі анықталған. Нәтижесінде мемлекетке төленбеген салық түрінде келтірілген залал 100 млн-нан астам теңгені құрады.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале