Автогаз құю стансаларында тұрмыстық газ баллондарын толтыруға болмайды. ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті құзырлы мекемелермен бірлесіп өткізген жиында осы мәселе талқыланды.
БҚО бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бөлім басшысы Теміржан Айтқалиевтің айтуынша, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде баллонның жарылуы мен газ-ауа қоспасының тұтануынан 346 оқиға болған.
Онда 522 адам зардап шегіп, 97-сі қайтыс болыпты. Тек 2023 жылдың өзінде 21 адам көз жұмып, 167 адам термиялық жарақат алған. «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңының 28-бабына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарды пайдалануға және оларды автогаз құю стансаларында толтыруға тыйым салынған. «Елімізде жыл сайын тұрмыстық газ баллондарды, газ тәріздес отынмен жанатын пеш-қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудың салдарынан газ-ауа қоспасы жарылып, қайғылы оқиғалар болып жатыр. Биылдың өзінде Оралдаекі оқиға тіркелді. «Ризық» кафесінде газ-ауа қоспасының жарылысынан 3 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алды. Маусымның 16-сында Сырым Датұлы көшесіндегі «Ел ырысы» базары аумағында газ баллон жарылып, 10 адам түрлі дене жарақатын алды. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, республикада 70-80 жылдардан бастап пайдаланылып келе жатқан, тез арада ауыстыруды талап ететін 348 000 жуық тұрмыстық газ баллоны қолданыста жүр. Ал олардың нормативтік пайдалану мерзімі – 20 жыл», – деді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда облыста 111 автогаз құюжәне 3 аутогаз толтыру стансасы бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы Алмас Ахошевтің айтуынша, басқармада құрамында құзырлы мекеме мамандары бар арнайы комиссия құрылған. Биыл комиссия 8 жатақхананы тексергенде тұрмыстық баллондарды пайдалануға қатысты бұзушылықтар анықтаған. Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің өкілі Берікқали Айтқалиев айтып өткендей, облыс орталығы түгелдей газдандырылған. «Бірақ тұрғын үйлердің газ баллондар қолданатыны жөнінде деректер бар. Заң талаптары бойынша екі қабаттан жоғары тұрғынжайларда мұндай баллондарды қолдануға болмайды. Алайда қаладағы көптеген жатақханада күнделікті тұрмыс үшін газ баллон қолданылатыны белгілі болып отыр. Яғни олар қайдан, қалай болса да баллондарды толтырады деген сөз. Бірақ шаһарда газ баллонды толтыруға арналған, лицензиясы бар газ құю стансалары жоқ. Егер автогаз құю стансаларында (АГҚС) баллондарға газ толтыруға тыйымсалсақ, оқыс оқиғалар болмас еді. Тұрғындар электр плиталар қолдана бастайды. Сондықтан АГҚС басшыларынан тұрмыстық газ баллондарға газ құюды тоқтатуды сұраймын», – деді Берікқали Мұханбетқалиұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Мұрат Бисембаев газ және газбен қамту саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиісті дәрежеде жүргізілмейтінін айтты. Ол автогаз құю стансаларының тұрмыстық газ баллондарын толтырмайтындарына бақылауды күшейтуді, тұрғындар үшін баллондарды айырбастау пункттерін құруды ұсынды. Автогаз құю стансалары бар «Тәуекел» ЖШС директоры Александр Кондратенко да жеке тұрғындардың газ баллондарын толтырып, жөндеп, тексеріп беретін арнайы мекеме болуы қажет деген ойын айтты.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен тұрмыстық газ баллондарды айырбастайтын пункттер салу жөнінде ұсыныс келді. Осы мәселені АГЗС иелеріне жеткізсек дейміз. Тұрғындар ескі газ баллондарды тапсырып, оларды арнайы орыннан толтыратын болса, қауіпсіздік шарасы біраз күшейеді. Егер осындай нысанды ашуға дайын болсаңыздар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті құрылымға хабарлаймыз. Өздеріңіз білетіндей, департаменттің қызметі – қауіпті өндірістік объектілерде, оның ішінде газбенжабдықтау жүйелерінің қауіпсіздік талаптарына қадағалау жәнебақылау, апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу. Бүгінде тұрмыста қолданылатын газ баллондар басты назарда тұр. Облыста пайдалану мерзімі өтіп кеткен баллондар қолданыста әлі жүр. Сонымен қатар биыл қалада екі оқыс оқиға болды. Адамдар қазатауып, бірнешеуі жараланды. Осындай жайттар қайталанбас үшін, қауіпсіздік шараларын күшейткен жөн. Автогаз құю стансаларында газ баллондарды толтыруға болмайды. Алайда тұрғындардың газ баллондарды толтырып жүргендері рас. Олардың нақты қай жерде, қалай газ құйып жүргендерін дәлелдейтін фото-бейне айғақтар болмаған соң, біз тексеріс жүргізе алмаймыз. Кәсіпорындарға бақылау және қадағалау жүргізген кезде көптеген кемшілік анықталады. Әсіресе, сақтандырғыш қалпақтары жоқ және пайдалану мерзімі өтіп кеткен баллондар жиі ұшырасады, – деген ҚР ТЖМ ӨҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлан Тоқсанбаев түсіндіру және қадағалау жұмысын ширату қажеттігін айтты.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz