Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры қауіпсіз қызмет жүргізуге арналған «Ashyq» қосымшасымен жұмысын қайта бастайды.
Бұл пандемия кезінде тұралап қалған бірнеше нысанға тиімді болмақ. Айта кетейік, жоба республика көлемінде пилотты түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл біз бен сіздің қауіпсіздігіміз үшін тиімді жоба.
Көрермендер «Ashyq» мобильдік қосымшасын ұялы телефондарына орнатып алулары қажет. Бағдарламаның нұсқаулығына сәйкес, егер өңір қызыл аймақта тұрса, залдың 30%, ал сары аймақта болса, 40 %, жасыл аймақ үшін 50% ғана толтыруға рұқсат етілген. Залда карантиндік талапқа сай арақашықтық сақталады Келушілер маска тағып, санитарлық талаптарды сақтауға міндетті.
Көрермен театрға келгеннен кейін бағдарлама арқылы кіре берісте тұрған QR кодты сканерлеп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, нәтижесін бақылаушыға көрсетеді. Ал ұялы телефоныңыз болмаған жағдайда, жеке куәлігіңізді ұмытпаңыз. Театр қызметкері көрерменнің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы денсаулық статусыңызды анықтайды. Ал түстердің мағынасы қандай? Толығырақ тарқатайық.
QR-кодты сканерлегеннен кейін телефонда мәртебеңізді анықтайтын белгілі түс жанады:
жасыл түс – дерекқорда COVID-19 ПТР-тестілеуден өтіп, нәтижесі теріс болған адам ретінде белгіленген;
көк түс – ПТР тестілеу нәтижесі жоқ, науқаспен байланыста болған адам ретінде тіркелмеген;
сары түс – науқаспен дерекқорда байланыста болған деп белгіленген;
қызыл түс – дерекқорда COVID-19-ға тексеру оң нәтиже берген адам ретінде тіркелген.
Жасыл және көк түсті мәртебені иеленген көрермен театрға шектеусіз кіре алады.
Егер мәртебеңіз қызыл немесе сары жанса, онда театрға кіруге тыйым салынады.
Динара Насыр,
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық
қазақ драма театрының
ақпарат бөлімінің жетекшісі