Дәл қазір облыстық әкімдіктe өңірдегі ауыл шаруашылығы және табиғатты қорғау мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтуде.
Кеңеске ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Досбол Бекмағамбетов, облыс әкімі Нариман Төреғалиев және ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қатысуда.
Жиын «Өңірдегі табиғатты және жануарларды қорғау саласының жай-күйі және киіктердің оралдық популяциясының кейбір мәселелері» тақырыбында өтуде.
Кеңеске қатысқан шаруалардың бәрі бір ауыздан киіктен келген шығын шаш етектен деп «жылады».
Себебі далада өскен бар шөпті киік отап кеткен. Шаруалар малға азық жинай алмай отыр.
Бұл мәліметті БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин де растады.
– Биыл оңтүстік аудандардағы табиғи шөптің түсімділігі төмен болып отыр. Шектен тыс көбейген киіктердің оңтүстік аудандардағы шабындық және жайылымдық жерлерді таптауы мал азығын дайындау барысын қиындатып жіберді. Бүгінде киіктен шаруаларға келген залал құны 7,9 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл тек жайылымдық жерлерге келтірілген шығын құны», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қадырбайұлы.
Осы ретте айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен киіктен келтірілген шығынды есептеп, акт толтыру үшін арнайы комиссия құрылған еді. Сол комиссия әр шаруашылық көлемінде акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырған.
Комиссия берген ақпаратқа сәйкес, облыс көлемінде 913 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге залал келтірілген.
Иә, киік санының күрт өскені батыс жұрты үшін кәдімгідей мәселе болып тұр. Осы уақытқа дейін мал басын көбейтеміз деп несие алып, мал баққан қазақ шаруасы енді өсірген малын асырай алмай қаламыз ба деп уайым шегуде. Оның үстіне мойындарында мал аламыз деп алған несиенің қарызы тұр.
Сонымен қатар киіктің көбеюі түрлі инфекциялық аурулардың таралуына да әкеліп соғуы мүмкін дейді мамандар. Себебі қазір киік бұрынғыдай адамнан қашпайды. Керісінше ауылдың ішінде, адамдармен, малмен бірге араласып кеткен.
– Киіктердің биологиялық негіздемеде көрсетілген санынан күрт өсуі облысымыздағы ветеринарлық жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін, себебі жер тапшылығына байланысты киіктер үй жануарларымен тығыз араласуда болады, сол себептен олардың бір-біріне түрлі ауыруларды жұқтыру мүмкіндіктері ұлғаяды, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.
Жанат Көшкінбай
zhaikpress.kz