25.06.2024, 10:15
Оқылды: 63

БҚО-да қоғамдық кеңес отырысында былтырғы бюджет және өзге мәселелер қаралды

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысына басқарма басшылары, кеңес мүшелері және ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Жиынды аталмыш кеңес төрағасы Ербол Ғұмаров ашып, күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылды.

A60747EB-7A80-4AE1-B2DA-164661CC73AE

Алдымен облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің негізгі көрсеткіштерін саралап, төмендегі мәліметтерді алға тартты. Жалпы былтыр түсімдер 433,8 млрд теңгені (104,1%) құраса, шығыстар мөлшері 413 млрд теңге (99,1%) болған. Жыл қорытындысындағы бос қалдықтар – 20,8 млрд теңге. Ал енді облыстық бюджеттің өз кірістері 118,6 млрд теңгеге орындалса (101,6%), республикалық бюджеттің трансферттері және субвенциялары 262,9 млрд теңге шамасында.

Мұның сыртында 24,5 млрд теңге қарыздар түсімі бар. Осынау қаражаттар есебінен 226 бюджеттік бағдарлама іске асырылған көрінеді. Өз кезегінде басқарма басшысы игерілмеген 3,8 млрд теңгені де жіктеп-жіліктеп түсіндіріп берді. Бұл қатардан құрылыс (1,3 млрд теңге), автожолдар (873,4 млн теңге), денсаулық сақтау (808,1 млн теңге) және табиғи ресурстар (294,8 млн теңге) басқармалары көрініс тауыпты. Негізгі себеп – бағаның өзгеруі, жұмыс кестесінен кешігу, орындалған іс-шаралар туралы құжаттардың толық тапсырылмауы, т. с. с.

– Айта кетелік, бұрынғы жылдармен салыстырғанда бюджет қаражатын игеру бағытында оң тенденция байқалып отыр (2021 жылы – 98,2%, 2022 жылы – 98,1%). Осы жерде әлеуметтік сала шығыстары былтыр облыстық бюджеттің 57,9 пайызын (239,1 млрд теңге) құрағандығын жеткізе кетелік. Бұдан бөлек өткен жылы білім беруге – 193,5 млрд, денсаулық сақтауға – 16,1 млрд, әлеуметтік қамсыздандыруға – 18,6 млрд және мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке – 10,9 млрд қаралды. Кейбір салаларды тарқата кетсек, агроөнеркәсіптік кешенге бөлінген 41,6 млрд теңге негізінен мал тұқымын асылдандыруға, жаңа техника мен технологиялық жабдықтар шығындарын субсидиялауға, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыруға, ауыл халқы кірістерін арттыру жобасына, өнімділік пен сапа көрсеткішін жақсартуға (субсидиялауға) жұмсалды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылысқа қарастырылған 41,5 млрд теңге қаржы Орал қаласы мен аудандардағы тұрғын үй құрылысына, оларға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, кей жағдайда әзір баспаналар сатып алуға, елді мекендерді ауыз сумен қамту жүйесін жаңартуға бағытталды. Сонымен бірге облыстық маңызға ие аутокөлік жолдары күтімі мен жолаушылар тасымалын субсидиялауға 37,2 млрд, кәсіпкерлікті дамытуға 2 млрд теңге шығындалды. Айтқандай, қоғамдық тәртіп пен қорғаныс саласына босатылған 16,7 млрд теңге полиция департаментінің күрделі шығыстарына, соның ішінде төтенше жағдайға қарсы базаны нығайту мен азаматтық қорғаныс мүліктерін сатып алуға берілді, - деді сөз түйінінде Нұрлан Мұхитұлы.

9EBEC9F9-133E-4401-AEC6-7DEE0558B9B0

Келесі кезекте мінбеге көтерілген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй облыстық мәслихаттың 2019 жылғы  18  қарашадағы  №30-2 «Батыс Қазақстан облысы бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары туралы» шешіміне енгізілетін өзгерістер туралы баяндады.

Әрі зират қорымдарын күтіп ұстау мен оны пайдалану, қайтыс болған адамдар сүйектерін жерлеу және қайта жерлеу қағидаттарын ұйымдастыру кезінде қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар төңірегінде де айтып өтті. Зиратқа арналған жер учаскелерін есепке алу және тіркеу ісін ұйымдастыру, мәйіттердің орналасу тәртібін қатаң қадағалау, оларға кірме- жолдарды жөндеу және т. б. мәселелер де назардан тыс қалмады. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға да тұшымды һәм нақты жауаптар қайтарылды.

Күн тәртібіне сай облыстық білім басқармасы (басқарма басшысының міндетін атқарушы А. Жүнісова) мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы (Ж. Ниғметоллин) бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы да талқыланып, біраз түйткілді жайлар ортаға салынды. Сол баяғы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кете баратын сұрағы көп, сұрауы аз қаржыға қатысты әңгімелер де болмай қалған жоқ. Осы ретте қаладағы бірқатар колледжді сенімгерлік басқаруға бергеннен кейін туындап жатқан келеңсіздіктер сын садағына ілікті. Жыры бірнеше жылға азық болған білім ошақтарының (№31 мектеп) қазіргі жайы да қозғалды. Жиын мінбесінен айтылған тағы бір маңызды мәселе – шаһар көшелеріндегі бейнебақылау камераларының тым аздығы болды.

Өзге өңірлердегі кейбір қалаларда олардың саны 3 мыңнан асса, біздегі көрсеткіш 350 ғана көрінеді. Таяу күндері қосымша 100 камера қою жоспары бар екен. Қысқасы, кеңес мүшелерінің белсенділігі ат үстіндегі азаматтарды осылай қамшылап, ортақ іске келгенде жауапты тұлғалардың маңдайын тершітіп тұрғаны абзал-ау!

Жиын тізгінін тартқан Ербол Ғұмарұлы талқыланған мәселелерге қатысты және таяу күндердегі ой-жоспарлары қақында сөз сабақтаса, облыс әкімдігінің кейбір қаулыларының күшін жою жөніндегі (хабарламашы – облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары А.Мұқамбетжанов) ұсыныс та бірауыздан қолдау тапты.

Бауыржан Махутұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале