Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин кезінде тұрғындарға әлеуметтік тұрғыда қолдау жасалатынын жариялағаны мәлім. Жақында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантин режимі енгізілген өңірлерде белгілі бір әлеуметтік топтарға жататын азаматтардың абоненттік дербес шотына коммуналдық төлем үшін 15 мың теңге аударылатынын хабарлады.
Батыс Қазақстан облысында 50 950 адамға коммуналдық қызмет төлемі үшін жеңілдік жасалады. Бұған 1 528 500 мың теңге қарастырылған. Бұл қаражат екі ай ішінде тұрғындардың дербес шотына аударылады.
Республика бойынша бұл бағытта 1,6 миллионнан астам абонентке қолдау көрсетілмек. Осы төлем үшін бас-аяғы 49 342 830 мың теңге қаражат жұмсалады. Бұл жайында Azattyq rýhy порталы хабарлады.
Айта кетейік, 15 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем 1, 2, 3-топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары мен оларға теңестірілген тұрғындар, мемлекет немесе қоғам алдындағы міндетін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалған немесе ұшқан кезде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлерге беріледі.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz