Биылғы қыркүйек айынан бастап Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттерді жинау» атты жобаны жүзеге асыруды қолға алды.

Жоба аясында халық арасында, жекелеген азаматтардың қолында сақталған ата-бабаларынан қалған көне кітаптар, қолжазбалар, хаттар мен фотосуреттер жинақталып, тарихи айналымға енгізіліп, келешек ұрпаққа мұра ретінде табысталмақ. Музей қорына қабылданған жәдігерлер ғылыми сараптамадан өтіп, тиісті құжаттармен рәсімделеді және арнайы қор сақтау бөлімінде сақталады. Сонымен қатар олар экспозициялар мен көрмелерде көрсетіліп, ғылыми айналымға енгізіледі. Құндылығы жоғары мұралар авторлық құқық сақтала отырып, жеке немесе жинақ түрінде жарық көреді. Осыған орай музей ұжымы көне мұраларды сақтап жүрген азаматтарды құнды жәдігерлерді музей қорына өткізуге шақырады.
Мекенжайы: Орал қаласы, Назарбаев даңғылы, 184, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-зерттеу қор бөлімі.
Байланыс телефоны: 50-87-77.
Аружан Аманжол,
zhaikpress.kz