7.03.2023, 8:59
Оқылды: 45

БҚО-да көп балалы ана қантсыз кәмпит шығаруды қолға алған

Кәсіптің көзін тауып, үлкен бизнеске қадам басқысы келетін жанның бірі – Айдана Аманғалиқызы. Ол бүгінде жеке кәсібін ашып, «Rizyk» деген атаумен кәмпит шығаруды қолға алған.

IMG-20230306-WA0265
Сырым ауданының Абай ауылында дүниеге келген Айдананың балалық шағы Бұлдыртыда өтеді. Мектеп бітіріп, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне электр энергетикасы мамандығына гранттық негізде оқуға түседі. Қызыққа толы студенттік шақ та аяқталып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сол кезде білімді жас маман өмірлік жары Талғатты жолықтырып, отау құрады.

IMG-20230306-WA0266
Бүгінде қара шаңыраққа ие болып отырған Талғат пен Айдана бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Немерелерінің қамқор әжесі де қастарында. Еңбекқор жандар қандай жұмысты да дөңгелетіп алып кететін болса керек. Былтыр көктемде Айдананың жұбайы бос жатқан жер теліміне құлпынай еккен. Күтіп, баптаған жидек мол өнім беріп, көрші-көлемге сатып, еңбектің зейнетін көреді.
– Өзім дұрыс тамақтануға бұрыннан көп мән беремін. Отбасымның, туыстарымның тұтынатын тағамдардың дәруменге бай болғанын қалаймын. Дәмді сорпаларды, ағзаға пайдалы ас-ауқатты үнемі дайындап тұруға тырысамын. Ғаламторда қажеттінің бәрі бар. Нутрициологтардың кеңестерін тыңдаймын. Қазір ғой дастарқанда көздің жауын алатын небір тәттілер толып тұрады. Оны бала тұрмақ, ересектер де сүйсініп жейді. Алайда олардың құрамында денсаулыққа зиян түрлі бояғыштар, транс майлар, консерванттар бар. Тіпті қанттың өзі түрлі ауруға себеп болатыны жасырын емес. Тамақ индустриясындағы кейбір үлкен кәсіпорындар ақша табу жағын көбірек ойлайды. Себебі өнімнің сапасына мән беріп жатқан жоқ. Ағзаға зиян, бірақ балалар сүйсініп жейтін тәттілер, құмартып ішетін сусындар көп. Десек те, өнім түрлері көбейген сайын, экоөнімдерге бет бұрып жатқандар да бар. Яғни табиғи өнімдерге сұраныс артты. Былтыр маған «Мен неге қантсыз кәмпит дайындап көрмеймін?» деген ой келген еді. Жұбайым да идеямды құптап, қолдау білдірді. Осылайша алғашқы тәттілерімнің дәмін отбасымдағылар татып көрді. Ұнатып, жақсы деген баға берді. Ал желтоқсан айында кәмпиттерді «Rizyk» деген атаумен саттыққа шығардық. Оның бір ерекшелігі – құрамында қант жоқ. Кәмпитті кептірілген жеміс-жидектерден, өрік, мейіз, құрма, жаңғақтардан дайындаймын. Тағы бір айтатын жайт, құрамына қасиетті зәмзәм суын қосамын. Бұл суды алғашында қаладағы «Айсар» дүкенінен сатып алып жүрдім. Енді енемнің умрадан әкелген суын пайдаланамын. Әрине, тамақ өндірісінің жауапкершілігі зор. Ағзаға пайдалы, сапалы, құнарлы болғаны қажет-ақ. Сондықтан жұбайым екеуміз бұл бастамамызды жетілдіріп, патент алуға дайындалып жүрміз. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы грантқа ие болсақ дейміз. Болашақта еліміздің нарығынан ойып тұрып орын алғымыз келеді. Мақсатымызға жетеміз деген ойдамын, – деді Айдана Аманғалиқызы.
Бүгінде оралдық кәмпиттерге Астана, Ақтөбе, Кентау, Түркістан және басқа да қалалардан тапсырыстар түсіп үлгерген. Айдананың тұрақты тұтынушылары да бар.

Кәсіпкер күні кеше БҚО іскер әйелдер кеңесінің құрамына қабылданған. Ойын жүзеге асырып, кәсіптің кілтін ұстаған жанның бастамасына сәттілік тілейміз.

Ясипа Рабаева,

"Орал өңірі"

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале