Шыңғырлау аудандық соты шаруа қожалығы басшысының материалдық шығынды өндіру туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды, - деп жазады KAZINFORM.
Сурет: сайт архивінен
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қожалық басшысы үш тұрғынның жылқылары арпа егістігін таптағаны үшін материалдық шығынды өндіру туралы өтінішпен жүгінген.
Сотта анықталғанындай, жауапкерлер 71 жас жылқыны бақпай, соның салдарынан мал арпа егістігіне түскен. Арпа алқабының тапталу дерегі мен жауапкерлердің кінәсі іс материалдарымен расталды.
- Сот шешімімен ҚР Азаматтық кодексінің 935-бабының талаптары ескеріліп, талап қою ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерлерден талапкер пайдасына бірлескен түрде 900 мың теңге өндірілді. Жауапкерлер сот қаулысымен келіспей, апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Батыс Қазақстан облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды. Қаулы заңды күшіне енді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 51,2 млн теңге әкімшілік актінің күші жойылғанын жазған болатынбыз.