Бүгін Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев барша батысқазақстандықты Конституция күнімен және Конституцияның қабылданғанына 25 жыл толуымен құттықтады.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде Конституция бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің темірқазықтай бағдары, қоғамдағы бейбітшілік пен татулықтың, рухани келісім мен саяси тұрақтылықтың кепілі екендігін атап өтті. Биыл Ата Заңымызға – 25 жыл. Осы кезең ішінде Қазақстандағы қол жеткен барлық жетістік, жасампаздық және дамудың шынайы көріністері басты заңымызда айқындалған қағидалардан бастау алды.
- Конституцияда анық көрсетілген құндылықтар – тәуелсіздік, саяси тұрақтылық, бейбітшілік. Бүгінде әлемде болып жатқан оқиғаларды телеарналардан көргенде жаның жүдейді, ондай көріністер Қазақстаннан алыс емес елдерде болып жатқанын сезінгенде еліміздегі бейбіт өмірге шүкіршілік етесің. Ата Заңымызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Бұл сөздерге мән бермеу мүмкін емес. Мысалға, біздің елімізде қандай да қылмыс жасалса, кейбір елдердегідей қатыгездік пен аяусыздыққа жол берілмейді. Әрбір азамат әділ соттың алдында жауап береді. Әр адам заң алдында бірдей жауапты беру керек. Ешкімге тегіне, әлеуметтік жағдайына, лауазамына, діні мен ұлтына қарай ешқандай артықшылық берілмейді. Ата Заңдағы осы баптың орындалуы арқасында Қазақстан азаматтары бірлікте өмір сүруде. Осыны бағалауымыз керек. Ата Заңды құрметтеуіміз керек, – деді Ғали Есқалиев.
Бұдан кейін облыс әкімі еліміздің дамуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосқан бір топ азаматқа «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Марапатталғандар ішінде облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, «Кублей» ЖШС-ның директоры Талғат Берекешов, «Жайықжылуқуат» АҚ-ның слесары Бауыржан Ғұбайдуллин, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның Қаратөбе аудандық электр торабының аға шебері Нұрболат Есенгелді, еңбек ардагері Шолпан Қыдырниязова, облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы меңгерушісі Өмірбай Қалымбетов, облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұргүл Жұбатова, «БҚО тарих және археология орталығы» МКҚК аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова, «Жайық үні» ЖШС-ның бас директоры Мира Шүйіншәлиева және басқалары бар.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz