БҚО-ның Бәйтерек ауданы прокуратурасы жер телімдерін беру заңдылығын тексеру кезінде бір азаматқа облыс орталығына жақын жерден жалпы аумағы 40,0 гектар (400 000 шаршы метр – 4 000 соттық жер) жер телімі «бағбандық және саяжай құрылысына» берілгенін анықтады. Бұл туралы БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Көрнекі фото: zhakpress.kz
Сонымен қатар мемлекеттен саяжай жер телімін сатып алу құны заңсыз төмендетілгені және 4 000 соттық жер 765 мың теңгеге сатылғаны белгілі болды.
Негізінде жер телімдерінің нақты кадастырлық құны - 119,8 миллион теңге.
Прокурорлық тексеру материалы СДТБТ-ға (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі) тіркеліп, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр салдарға алып келу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Қылмыстық істің тергеуі Батыс Қазақстан облысының арнайы прокурорларына тапсырылған.
Сот үкімімен Бәйтерек аудандық жер қатынастар бөлімінің бастығы ҚК-тің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді.
Мемлекетке келтірілген залалды қайтару туралы талап арыз қанағаттандырылған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
zhaikpress.kz