Мұсылман қауымының ұлық мерекесі Құрбан айттың алғашқы күндері мешіт жамағаты арасында спорттық шаралар ұйымдастырылып, қалалық әкімдік бекіткен арнайы рұқсат етілген орындарда құрбандық шалынып, еті мұқтаж отбасыларға таратылды.
«Орал қалалық Тәжиден Батырұлы мешітінің бас имамы Мейрамбек Әбдірахмановтың айтуынша, биыл Орал қаласы әкімдігі құрбандық шалу үшін арнайы бекіткен 3 нысанда құрбандық шалу рәсімінің шариғат талабына сай өтуі жіті қадағаланып, құрбандық еттері қабылданған. Қасиетті Құрбан айтта Орал қаласы бойынша 1400-ден астам қой құрбандыққа шалынып, Оралдық 507 отбасыға ет таратылды. Ал облыс көлемінде 2545 қой, 26 ірі қара құрбандыққа шалынып, 1557 отбасына ет таратылды» - деді бас имам өз сөзінде.
Мешіт тарапынан үлестірілген ет қарттарға, жетімдер үйлеріне, ауруханалар мен қоғамдық ұйымдарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына, көп балалы жанұяларға, жергілікті əкімдік ұсынған тізім бойынша тұрмысы төмен отбасыларға берілген.
Үміт Ізтелеу,
Орал қаласы