23.04.2024, 17:31
Оқылды: 80

БҚО-да құтқарушылар су ортасынан жылқыларды алып шықты

Батыс Қазақстан облысында құтқарушылар су ортасынан жылқыларды алып шықты, - дейді "ҚазАқпарат".

202a4ec3-1918-45ed-a2f7-58f1f3cfe255

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 сәуір күні Ақжайық ауданы аумағында болды. «Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облысы ТЖ департаментінің құтқарушылары Бударин, Коловертное және Жаңабұлақ ауылы маңында Жайық өзенінен далаға жайылған су ортасынан шамамен 137 жылқы, соның ішінде 3 құлыншақты айдап шығарып, иесіне табыс етті», деп хабарлады ведомстводан.

Бударин ауылының тұрғыны Ержан Битілеуов малын аман алып қалған құтқарушыларға алғысын айтты. «21 сәуір күні бір үйір жылқым Жайық суының ортасында қалып қойып, Ақжайық ауданынан өрт сөндіру бөлімінен және Қызылорда облысынан келген жігіттер қайығымен көмектесті. Бәріне мың алғыс!», деді Е.Битілеуов.

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин мұндай оқиғаның тек біреу ғана еместігін жеткізді. «Жайықтың жоғары жағынан ауданымызға мол су келіп жатыр. Мал қанша айдасақ та, үйренген жерлеріне қайта оралып, судың ортасында қалып жатқандары бар. Жалпы, ауданымызда 45 елді мекен болса, соның 32-сі Жайық бойында орналасқан. Өзендер жағалауында бөгеттер тұрғызып, барынша қамданыс жасадық», деді М.Сердалин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 864 сантиметрді көрсеткенін жазған болатынбыз.

Фото: zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале