Батыс Қазақстан облысында су тасқыны кезінде құтқарушыны пышақтаған күдікті екі айға қамауға алынды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Казталов аудандық сотымен аудан прокуратурасының ҚР ҚК 380-бабы 5-бөлігіне сәйкес қылмысты жасағаны үшін 1993 жылғы күдікті А-ға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын 2 ай мерзімге санкциялау туралы қозғаған өтінішхаты қанағаттандырылды.
«Іс құжаттарынан көрінгендей, күдікті А. су тасқынынан жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін келген кезекші құтқарушыға өз міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданған», - деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде 26 жастағы құтқарушы Жалпақтал ауылындағы № 2 Казталов аудандық ауруханасында ем алып жатыр.
«Пациенттің жағдайы қанағаттанарлық. Дәрігерлердің бақылауында, ем алып жатыр», - деді Kazinform тілшісіне аурухана директоры Надежда Васильева.
БҚО ТЖ департаментінің мәліметі бойынша облыс бойынша апаттық-құтқару жұмыстарына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі су басқан аумақтарда тонау деректерінің тіркелмегенін жеткізді.