21.12.2023, 13:00
Оқылды: 57

БҚО-да қызылша өршіп тұр

Өңірімізде қызылша дертіне шалдыққандар саны күн санап артуда. Жыл басталғалы облыста 307 тұрғын аталмыш дертті жұқтырған.

istockphoto-1304499871-1024x1024

Фото: istockphoto

Оның 228-і балалар мен жасөспірімдер болса, 79-ы – ересектер.

Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады.

Қызылша жұқтырғандар көбі Орал қаласында (207 науқас), Бөрлі (40 науқас) және Сырым ауданында (21 науқас) және Бәйтерек ауданында (13 науқас) тіркелген. Қалған аудандарда бірлі-жарым жағдайлар анықталған. Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында дерт жұқтырғандар тіркелмеген.

–  Қазіргі эпидемиологиялық жағдай бойынша 5 жасқа дейінгі балалар арасында (58.7%-дан астам) жұқпалы ауру көбейді. Соған орай 6 қарашадан бастап республика бойынша қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның қолда бар көлемін қолдана отырып, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларды қосымша иммундау басталды. Облыста қосымша екпе алуға тиісті 3669 баланың 1122-сі егіліп, 31%-ды құрап отыр. Желтоқсан айынан бастап алты айға толған сәбилер мен 2-4 жас аралығындағы бүлдіршіндерді жаппай иммундауды бастадық. Сондай-ақ қызылшаға қарсы жоспарлы екпені жалғастырып, бұл дертті жұқтырған науқастармен байланыста болғандарды да 72 сағаттың ішінде иммундаймыз. Қызылшаға қарсы вакцинамен егілгеннен кейін адамда екі-үш аптадан соң иммунитет қалыптасады, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале