Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері қызылша диагнозымен 91 науқас ауруханаға жатқызылды, - деп жазады kaz.inform.kz.

Фото: iStock
БҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисі, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дергүл Ағаділованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қызылшамен ауырғандар саны 2024-2025 жылдары 100 есеге (1603-тен 16-ға дейін) төмендеген еді.
Дергүл Мұхамедқызының сөзіне қарағанда, 2025 жылдың желтоқсан айының соңынан бастап қайта көбейді. Атап айтқанда, өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, ауруханаға түскендер саны 10,5 есеге (4-тен 42-ге дейін) артты.
– Жыл басынан бері облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына барлығы 91 науқас жатқызылса, соның 61-і сауығып шықты. Ем қабылдап жатқан 30 пациенттің 25-і – балалар, бесеуі – ересектер. Екі бала жансақтау бөлімінде. 91 науқастың 79-ы немесе 86,8 пайызы – балалар, соның ішінде 19-ы 1 жасқа толмаған, 12-сі – ересектер. 79 баланың 75-і немесе 95 пайызы екпе алмаған. 50-інің қызылшамен ауырғаны зертханалық түрде расталған, қалғандары қосымша тексерілуде, - деді Д.Ағаділова.
Дәрігердің атап өтуінше, қызылша – жеңіл өтетін балалар ауруы емес. Дерт ауыр түрде өтіп, пневмония, ауыр ларинготрахеит, отит, энцефалит, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына соқтыруы мүмкін. Сирек жағдайда өлімнің тіркелуі ықтимал.
– Әсіресе, 1 жасқа дейінгі сәбилер, егілмеген балалар мен ересектер, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар қауіп тобына жатады. Науқастардың жансақтау бөлімінде жатуы аурудың ауыр өту қаупін көрсетеді. Қызылшадан сенімді қорғану шарасы – вакцинация. Вакцинация Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Бірінші доза – 12 айда, ревакцинация – 6 жаста. Екі рет егілген жағдайда қорғаныш деңгейі 95 пайыздан жоғары қалыптасады, - деп қосты Д.Ағаділова.
Өңірде эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, инфекция ошақтарына мониторинг күшейтілді.