5.04.2018, 17:27
Оқылды: 50

БҚО-да латын әліпбиіне көшу шараларына қосымша 24 млн.теңге бөлінді

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті брифингі «Тілдерді дамыту саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбына арналды. Баспасөз мәслихатына БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Мыңбаева қатысты.

Жалпы БҚО облысында 641,5 мың тұрғын бар. Оның 75,5 пайызы қазақ ұлты, қалған 24,5 пайызы өзге этнос өкілдері. Басқарманың тапсырысы негізінде өткен жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының 82 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген (2016 жылы 78 пайыз).

Өткен жылы басқарманың бұйрығымен «Ономостикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөніндегі жұмыс тобы» құрылды. Есепті жыл ішінде облыстық ономостикалық комиссияның 2 отырысы өткізілді. Нәтижесінде 127 көше, 4 елімекенге атау беру жөніндегі ұсыныстарға оң қорытынды берілді. Сырым мен Қазталов аудандарындағы жаңадан бой көтерген шағын аудандардағы көшелер «Астана», «Астанаға-20 жыл» атауларымен аталды.

Сондай-ақ, облыстық ономостикалық комиссияның отырысында 11 ұсыныс қолдау таппады. Олар Теректі ауданы-4, Бөкей ордасы-1, Қазталов-2, Зеленов ауданы-2, Орал қаласы-2 кісі есімдері.

ҚР Үкіметінің қаулыларымен облыстың 5 мәдениет және білім беру ұйымдарына атау берілді. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығына Қадыр Мырза Әлидің, облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның, Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне Мұқадес Еслямғалиұлының, Орал қаласының №30 жалпы орта мектебіне Хиуаз Доспанованың, Жәнібек колледжіне М.Ықсановтың есімдері берілді.

Облыс аумағындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту жұмыстары бойынша өткен жылы Шыңғырлау ауданының 3 елді мекені, облыс бойынша 54 көше өзгертілді. Шыңғырлау ауданының 3 көшесі, Ақжайық ауданының 15 көшесі, Зеленов ауданының 34 көшесі, Қазталов ауданының 2 көшесі өзгертілді.

-Өңірде тілдерді дамыту бағытындағы іс-шараларды өткізуге облыстық бюджеттен 2017 жылы 95 млн. 291 мың теңге бөлінді. Соның ішінде наурыз айындағы облыстық сессия алдағы уақытта латын әліпбиіне көшу жұмыстарына байланысты атқарылатын жұмыстарға облыс әкімдігінің қолдауымен қосымша 24,0 млн. теңге қаражат бөлінді. Аталған бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады,-деді А.Мыңбаева.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале