17.09.2024, 10:00
Оқылды: 145

БҚО-да мал азығына жұмсалған шығын субсидияланады

Биылғы тамыздың басында өңірдегі Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында қуаңшылыққа байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Облыстық ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қуаңшылыққа қоса киік санының шамадан тыс артуы мал азығын дайындауда қиындық тудырып отыр.

Ақша JP

Облыс бойынша 2024-2025 жылғы мал қыстағына кіретін 1 млн 66 мың шартты мал басына 2 млн 23 мың тонна шөп, 233 мың тонна жем, сонымен қатар қосымша мал азығы ретінде 11 мың тонна сүрлем, 9 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланды. Өткен жылдан қалған 148 мың тонна шөп қорда бар. Жалпы облыс бойынша  мал қыстағына 824,9 мың ірі қара, 1198,9 мың  ұсақ мал, 283,2 мың жылқы және 2,6 мың  түйе кіреді деп күтілуде. Биылғы 5 қыркүйектегі жағдай бойынша 4 млн гектар шабындық шабылып, гектарына 3,5 центнер орташа өнімділікпен (2023 жылы - 3,9 ц/га) 1426,8 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл – жоспардың 70,5%-ы. Өткен жылдың осы мерзімінде жоспарланған  2126,1 мың тонна шөптің 68,4%-ы немесе 1455,3 мың тонна дайындалды. Былтырғыдан қалған шөп қорын қоса есептегенде барлығы 1575,6 мың тонна шөп дайындалды. Осының барлығы жалпы қажеттіліктің 77,9%-ын құрайды.

Көктемгі су тасу кезеңінде мол су келуіне байланысты облыс аумағындағы 146 мың гектар лимандық шабындықтарға су шығарылды. Лимандық шабындықтардың орташа өнімділігі гектарына 11-14 центнерді  құрады.  Мал азығын дайындауға барлығы 2662 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарымен  2361 тонна дизель отынын алуға келісімшарт жасалды.

Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында шөптің өнімділігі әдеттегіден төмен. Орташа өнімділік гектарына 1,9-1,8 центнерді құрайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, гидрометеорологиялық қызмет растаған қалыптан тыс ауа райы жағдайларының орын алуы қолданыстағы мал шаруашылығын субсидиялау қағидаларына сәйкес агроқұрылымдарға мал азығына жұмсалған шығындардың құнын арзандату үшін субсидияланады. Қазіргі кезде субсидиялар нормативтері ғылыми ұйымның ұсынбасына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысымен бекітіледі. Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ-стан аграрлық-техникалық университетінен қажетті есептемелер алынып, қаулы жобасына салалық сарапшылар оң қорытындысын берді. Облыс әкімдігінің қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында онлайн талқылауға шығарылды.

– Тек шаруашылықтар ғана емес жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен қамту аса маңызды. Осы мақсатта жеке қосалқы шаруашылықтардың мал азығына қажеттілігін тасымалдау шығындарын өтеу арқылы ұйымдастыру жоспарланды. Аталған аудандардағы аулаларда мал ұстап отырған жекелерге 41,6 мың тонна мал азығын тасымалдау қажет. Мал азығымен толық қамту үшін 798 млн 8 мың теңге қаражат есептеліп, облыстық бюджеттің резервінен бөлінді. Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарына шөпті басқа аудандардан тасымалдау ұйымдастырылуда. Тамыздың 25-інде Жәнібек ауданына алғашқы лекпен шөп апарылды, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

Бұл күндері жеке қосалқы шаруашылықтардың қажеттілігі үшін Бөкей ордасына – 672, Жәнібек ауданына 2564 орамашөп жеткізілді. Оңтүстік аудандарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін әрбір ауданға 10 мың орамашөптен қор дайындауға тапсырма берілді. Соңғы мәлімет бойынша аудандар 55,7 мың орамашөп қорын дайындады. Сондай-ақ, облыстағы орман шаруашылығы мекемелеріне оңтүстік аудандардың жеке қосалқы шаруашылықтарын мал азығымен қамтамасыз етуі үшін бір мыңнан орамашөп дайындау тапсырылды. Күні бүгінге олар 1440 орамашөп дайындады.

Сонымен қатар төтенше жағдай жарияланған аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының несие мен лизингтік келісімшарттары бойынша пролонгация беру мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-лар шаруашылықтардың несие берешегін өтеуді кейінге жылжыту туралы шешім қабылдады. Екі аудандағы 472 шаруашылық құрылымы (Жәнібекте – 118, Бөкей ордасында – 175) лизингке техника алған болатын.

– Оңтүстік аудандарда қысқы маусымда төрт түліктің шығынын болдырмас үшін қолдағы мал басын азайту жағы қарастырылған. Осыған орай өңіріміздегі ірі ет өңдеу кешені «Кублей» ЖШС басшылығымен кәсіпорынның әдеттегі мал қабылдауды бастау уақытынан екі ай бұрын бастауға, бірінші кезекте оңтүстік аудандар тұрғындарынан мал қабылдауға  келіссөздер жүргізілді. Аталмыш жұмыстар 24 маусымнан басталып, күні бүгінге 3529 ірі қара, 9622 ұсақ мал және 105 жылқы сойылды, – деді басқарма басшысы.

Облыста мал азығын дайындау науқанын ұйымшылдықпен өткізу мақсатында арнайы құрылған облыстық штабтың отырыстары апта сайын өткізілуде. Отырыстарда мал азығының дайындалу барысы тұрақты бақылауда. Қалай болғанда да, күнкөрістің негізі болып отырған төрт түлік малды қыстан ашықтырмай аман алып шығу маңызды.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале