Соңғы бес жылда облыс аумағындағы мал ұрлығы бойынша криминогендік ахуал бір қалыпқа түскен. Мысалы, 2020 жылы өңірде мал ұрлығының 345 дерегі тіркелсе, 2021 жылы – 185, 2022 жылы – 184, 2023 жылы 174 факті анықталған.
– Биылғы 9 айда облыста мал ұрлығының 51 фактісі тіркелді. Ұрланған 343 (сиыр – 77, жылқы – 62, қой – 204) малдың 217-сі, яғни 26 сиыр, 7 жылқы және 184 қой немесе 63,2%-ы иелеріне қайтарылды. Ауыр санаттағы мал ұрлығының ашылуы былтырғы кезеңге қарағанда 89,3%-ды құрады (2023 ж. – 80,3%, +9%). Бұл қылмыстың жасалуына ең басты себеп – малдың жайылымда қараусыз қалуы, – деді БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Артур Мұсағалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Мәселен, тіркелген мал ұрлығының 80,3%-ы (41 факті) еркін жайылымда болған. Иелері жоғалған малын 10 күн өткен соң, тіпті1 жылдан кейін іздеп, полицияға жүгінеді екен. Биылғы 10 деректеғана мал қорадан ұрланған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 9-ы ашылған. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 6 қылмыстық топ пен 49 мал ұрлаушы ұсталып, қылмыстық әрекеттері әшкереленген. Олар 238 мал (26 сиыр, 28 жылқы, 184 қой) ұрлаған. Мысалы, Теректі ауданында құрамында 3 адам болған «Р» деген топ әшкере болған. Биыл мал ұрлығы бойынша 4 эпизодтық қылмыстық іссотқа жолданыпты. Олар аудан аумағында 62 бас ірі қара ұрлаған.
Полиция полковнигі Артур Ғайсаұлының айтуынша, 2096 тұрғын ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылған. Оларға 18 696 288 теңге айыппұл салынған. Айта кету керек, мал иелері аталған әкімшілік құқықбұзушылықты бірінші рет жасаса, үш айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал екінші рет бұзса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар облыс жолдарында мал және ет өнімдерін заңсыз тасымалдаған 218 құқық бұзушылық анықталған. Кінәлілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 4 810 350 теңге айыппұл салынған.
– Қазақ халқы үшін мал ежелден күнкөріс көзі екені белгілі. Сондықтан мал ұрлығына қарсы күресу – полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның бірлесе атқаратын жұмысы. Егер тұрғындар малды далаға қараусыз жібермей, мал бағымын ұйымдастырса, төрт түлігінің жоғалғанын полицияға дер кезінде хабарласа, ұрлық деңгейін әлдеқайда төмендетуге болар еді. Тағы бір айтатын жайт, тұрғындар көбінесе малды ауыл шаруашылығы жануарларының сәйкестендіру есебіне қоймайды (ИСЖ). Соның салдарынан жоғалып табылған малдың иесін анықтау кейде қиын. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан малды сәйкестендіру есебіне қоюды сұраймын. Себебі ұрланған малдың 80%-ының есепке алынбағаны анықталып отыр. Сондай-ақ күз мезгілі – соғымның уақыты, барымташылардың атқа қонатын кезеңі десек, артық айтқанымыз емес. Осы уақытта мал семіріп, етке деген сұраныс көбейеді. Сондықтан тұрғындарға малды қараусыз жібермеу қажеттігін тағы да ескертемін. Ал соғым үшін сатып алатын малдың құжаттарын тексеріп алған жөн, – деді Артур Ғайсаұлы.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz