Облыс полицейлері мал ұрлығымен сан жыл айналысып келген 14 қылмыстық топты ұстаған. Соның нәтижесінде 66 қылмыс ашылған.
Бұл туралы БҚО полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев айтты.
Жалпы облыста 2023 жылы 172 мал ұрлау фактісі тіркелген.
- 2023 жылы барлығы 862 бас мал ұрланды. Мұның ішінде 192 жылқы, 248 ірі қара және 422 бас қой ұрланған. Мал ұрлығын ашу барысында жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде 206 бас мал атап айтсақ, 28 жылқы, 69 ірі қара, 123 қой иелеріне қайтарылды. Осы мақсатта ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 66 қылмыс әшкерленіп, мал ұрлығын «кәсіп» еткен 14 қылмыстық топ және 98 «барымташы» ұсталды.
Тәртіп сақшылары мал ұрлығына жол бермеу мақсатында малдың қатаң бағылуын талап етіп отыр. Ал малды бақпай еркін айналымға жіберіп қою мал ұрлығына себепкер дейді. Осы бағытта малды қараусыз жайылымға жібергені үшін 3 757 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
- Бұған дейін бірнеше рет айтылып келгендей, негізі мал иелерінің жауапсыздығынан ұрланып кетеді. Адамдар малдарын жайылысқа айдап жібереді де, оны қарамайды. Статистикаға сүйенсек, 174 мал ұрлығының 80%-ы даладағы жайылыстан, ал 20%-ы қорадан ұрланған болып шықты. Сондықтан да әр адам малды бағып, қарап отыруы керек, - деді Арман Молдиярұлы.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz