Бүгін облыс орталығындағы Достық үйінде ҚХА-ның ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысында медиацияны дамытудың тиімді әдістері» атты форум өтті. Оған кәсіби және қоғамдық медиаторлар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары және басқасы қатысты. Форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов сөз сөйледі.
-Қайырлы күн, форумға қатысушылар! Аталмыш бас қосудың Достық үйінде өтуі кездейсоқ емес. Өйткені біз көп ұлтты елміз. Ал көп ұлтты ел қашанда ымыра мен бітімге ділгер. Ал медиатор қашанда адамдарды ымыра мен келісушілікке шақырады. Яғни, дау-жанжалды өршітпейді. Бұрын ол қазақта тек билердің төл ісі болған. Нәтижесінде бұрынғы қазақ қоғамында дау-жанжалдан туындаған кикілжің тереңдемеген. Сөйтіп, адамдар бір-бірімен түсіністікте өмір сүрді. Бізде медиация ның күшіне ене бастағанына аз уақыт өтті. Бұдан санаулы жыл бұрын, қазір осында отырған облыстық соттың төрағасы Бек Әметов бізбен бірге аудан әкімдерінің есеп беру жиналысында болып, халыққа медиация жөнінде кеңінен түсінік берді. Қазір өңірде жүзден астам медиация кабинеті бар. Демек, жұмыс баяу болса да, алға басып келеді. Әлі де қиындықтар жеткілікті. Олай болса, форумда тек жетістікпен шектеліп қалмай, қиыншылықтар туралы да батыл айту қажет. Алқалы жиынның мазмұнды өтуіне тілектеспін.Сіздерге рахмет! Іске сәт,-деді Алтай Сейдірұлы.
Облыстық соттың төрағасы Бек Әметов 2011 жылы қабылданған медиация туралы заңды жүзеге асыруда белгілі бір жұмыстар тындырылғанымен, әлі дау-жанжалды сот үдеріміне жеткізбей шешуде пайдаланылмай жатқан мүмкіндіктер барын айтты. Оның пайымдауынша, өңірдің барлық елді мекендерінде медиация кабинеттері жұмыс істейді. Бірақ олардың үгіт-насихат жұмысы мардымсыз. Сондықтан облыстық ҚХА негізінде медиаторларды оқыту жұмысын ұйымдастыру қажет. Жұмыс сапасы да күн тәртібінен түспеуі тиіс. Егер медиаторлар жұмысы жаппай өріс алса, соттарға түсер салмақ азаяр еді. Жалпы медиация жұмысын жеңілдету мақсатында былтыр өңірде елімізде тұңғыш рет «Цифрлы медиация» қанатқақты жобасы енгізілген. Сондай-ақ, медиаторлардың басын қосатын орталық не бірлестік құру да алғаш рет бізде қолға алынбақ.
Жиында кәсіби медиатор, «Татулас» кәсіби медиаторлар мекемесінің басшысы Маулина Хабиева, №2 қалалық соттың төрешісі Алтын Айтуарова, Астана қаласындағы "Логитекс» ЖШС жобаларының басшысы Антон Скрамовский және басқасының күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарламалары тыңдалды. Форум соңында «Қоғамдық медиаторлар одағы» құрылып, оның төрайымы болып, Майра Селбаева сайланды. Ал екінші құрылған «БҚО медиаторлар одағы» қауымдастығының төрайымы Алуа Рахишева болды. Аталмыш қоғамдық ұйымдардың жарғысы мен қарары , басқа да құжаттары қабылданып беркілді.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов медиаторлардың қоғамдық ұйымдарға бірігуін мақұлдай келіп, барлық аудан әкімі орынбасарларын медиаторларға жан жақты көмек көрсетуге шақырды. Әрі «медиатор» атауының көп адамға түсініксіз екенін тілге тиек етіп, оны «Билер төрелігі» деп өзгеруте ұсыныс жасап, аталмыш ұсынысты құжат ретінде рәсімдеп, Астанаға жөнелтетіндігін мәлімдеді. Бұдан басқа, ол БАҚ құралдары арқылы медиаторлар жұмысын жаппай жарнамалап, олардың халық алдындағы беделін көтеру жөнінде ұсыныс жасады.
СЕРІК ІЗБАСАРҰЛЫ
zhaikpress.kz