Бұл жайлы бүгін облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ж.Құрманов пен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Н.Ахметова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «БҚО-дағы менингогкокк ауруының деңгейі туралы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Батыс Қазақстан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бүгінгі таңда облыс бойынша менингококк жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты екенін хабарлайды. 2018 жылдың 5 маусым айына дейін жұқпамен ауру жағдайлары тіркелген жоқ. Сондай-ақ 2017 жылы облыс бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында менингококк жұқпасының 3 жағдайы тіркелді, өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
Республиканың әр түрлі аймақтарында менингококк жұқпасының тіркелуіне байланысты, сонымен қатар менингококк жұқпасының алдын алу мақсатында облыс бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілген. Атап өтсек, облыста менингококк жұқпасының алдын алу жоспары қабылданып, барлық ЕПҰ-ға алдын алу шаралары және клиникалық белгілері бойынша нұсқамалар жолданған. Бактериалдық және вирустық менингиттердің клиникалық және зертханалық диагностикасы, эпидемиологиясы бойынша облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігерлерімен семинар өткізілген. Жазғы сауықтыру лагерлері басшылары мен менингококк жұқпасы және серозды менингиттердің алдын алу шараларын ұйымдастыру бойынша сұрақтар қаралған.
Мамандардың айтуынша, менингокк жұқпасына қарсы екпе алдын алу екпесінің Ұлттық күнтізбесіне кірмейді. Қазақстанда екпе қажылыққа баратын адамдарға ақылы түрде жасалады. Одан басқа, екпе эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша республикалық аурушаңдық көрсеткіші жоғарылаған жағдайда жүргізіледі.
zhaikpress.kz