17 қаңтар күні сағат 8-дер шамасында Ақжайық ауданына қарасты Сайқұдық ауылында 2001 жылғы қыздың асылып тұрған денесі табылған.

Фото дереккөзі: Тengrinews.kz
"Бойжеткен ауладағы сарайда асылып қалған. Оқиға орнына жеткен полиция өкілі қыздың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық белгілерін тапқан жоқ. Сүйек медициналық сараптамаға жіберілді. Осы фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 105-бабының 1 бөлімі бойынша тергеу басталды", - деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ҚР ҚК 105-бабының 1-ші бөлімінде былай делінген:
Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу.
Ақжайық аудандық білім бөліміне хабарласып, мән-жайды анықтап көрдік.
«Мұғалім қыздың жасы 22-де. Сайқұдық ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп жүрді. Аудандық білім бөліміне ол мұғалімге қатысты ешқашан теріс пікір жетіп көрген жоқ. Әріптестері үнемі жақсы деп айтып отыр. Өзін-өзі ұстауы қалыпты, кәдімгі қатардағы мұғалім болды. Болған оқиға туралы білеміз. Ол орында полиция өкілдері болды. Тергеу жүргізілді. Бүгін қылмыстың құрамы болмауына байланысты іс жабылды деген хабар алдық»,- деді Ақжайық аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин.
«Мұғалім қыз Сайқұдық ауылында жұмыс істеп жүрген. Ал, марқұмның өз үйі Базаршолан ауылында екен. Қаза болған мұғалім қыз тұрмысқа шықпаған»- дейді аудандық білім бөлімі.
Бұдан бөлек сол мектептің директоры мұғалім қыз оқиға болардан бірер күн бұрын соқырішек болып ауруханаға түскенін, кейін денсаулығына байланысты жұмыста болмағанын, содан соң осы қайғылы оқиға болғанны айтқан.
Қыз баланың не себептен асылып қалғаны әзірге жұмбақ болып тұр.