Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары отбасы институтын нығайту бағытында оң өзгерістер байқалуда. Әділет органдарының мәліметінше, некені бұзу көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Бұл туралы БҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
2024 жылы облыста 1 172 некені бұзу актісі тіркелген. Бұл көрсеткіштің төмендеуі өңірде отбасы құндылықтарына ерекше көңіл бөлінгенін көрсетеді. Сонымен қатар, 14 013 туу туралы және 4 519 неке қию туралы акт тіркелген. Бұл туу көрсеткішінің өсуін және жалпы халық санының тұрақты түрде артып жатқанын аңғартады.
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласы цифрландыру арқылы оңтайландырылып келеді. Жаңа жүйелердің енгізілуі ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартты. Отбасы цифрлық картасының енгізілуі де деректерді жаңартуға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруде.
Әділет департаменті 2024 жылы жергілікті атқарушы және өкілді органдардың 173 нормативтік құқықтық актісіне сараптама жүргізіп, оларды мемлекеттік тіркеуден өткізді. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларға ерекше назар аударылды. Мониторинг нәтижесінде заңнамаға сәйкестендіруді қажет ететін 97 акт анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау – әділет органдарының басым бағыттарының бірі. 2024 жылы танымал брендтердің құқықтарын бұзу бойынша 10 тексеру жүргізіліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, облыс тауар өндірушілері 11 өтінім беріп, 5 сертификатқа ие болды.
Әділет департаменті үшін ең күрделі бағыттардың бірі – атқарушылық іс жүргізу. 2024 жылы 152,7 млрд теңгені құрайтын 296 954 атқарушылық іс қаралып, оның 51,5 млрд теңгесі орындалды. Алимент өндіру жұмыстары күшейтіліп, борышкерлерге қатысты әкімшілік және қылмыстық істер қозғалды.
Жаңа автоматтандырылған сот орындаушы жүйесі тұрғындарға қарыздар мен айыппұлдарды онлайн төлеуге мүмкіндік беріп, 8 млн теңгеден астам қаржы үнемделген.