Бүгін Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттың 7-шақырылымының бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті. Жаңадан сайланған депутаттарға облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов депутаттық мандат пен төсбелгі тапсырды. Депутаттар бірауыздан мәслихат хатшысы етіп Бибігүл Қонысбаеваны сайлады. Алғашқы сессия отырысына Нұлан Серғалиев төрағалық етті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев мәслихаттың 6-шақырылымының депутаттарына алғыс білдіріп, жаңа құрамды құттықтады.
– Депутаттық мандатын алған азаматтарға сәттілік тілеймін. Алдағы бес жылда маңызды міндеттерді бірлесіп атқарамыз. Депутат болу – зор мәртебе әрі жауапкершілік. Облыста 657 мыңға жуық тұрғын бар. Солардың әлеуметтік жағдайына назар аударып, мәселе көтеру сіздердің белсенділіктеріңізге байланысты. Заң шығару білікті болуды талап етеді. Өңірдің дамуына оң өзгерістер керек. Осы өзгерістерге сай жұмыстануға мен де дайынмын.
Сайлаушылар да игі істердің орындалғанын күтеді. Халық көтерген мәселелердің шешімін табу үшін бірлесіп еңбек етеміз. Әкімдік пен мәслихат жергілікті мемлекеттік басқару құрылымдары болып есептеледі. Біз бір бағытта қимылдауымыз қажет. Барлық аудандағы түйткіл назардан тыс қалмайды. Сессия отырыстарында депутат болмаса, аудандар атынан екі өкіл адам қатысады, - деді Ғали Есқалиев.
Сессия отырысында облыстық мәслихаттың төрт тұрақты комиссиясы төрағаларының кандидатуралары бекітілді. 7-шақырылмдағы облыстық мәслихатқа 31 депутат сайланды. Ұйымдастыру сессиясына 27 депутат қатысты.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz