30.11.2023, 11:45
Оқылды: 50

БҚО-да он айда 2240 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған

Оралда әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграциялық орталықтарын құру (дамыту) жөніндегі пилоттық жоба шеңберінде дөңгелек үстел өтті. Әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, полиция қызметкерлері, азаматтық сектор, қайырымдылық қорлар және еріктілер ұйымдары өкілдері қатысуымен ұйымдастырылған жиынды аталмыш жобаның аймақтық координаторы Гауһар Мырзағалиева ашып, алғашқы сөз кезегін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақоваға ұсынды.

 DSC_0209

Жалпы мемлекетіміз алға қойып отырған әлеуметтік саясат – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту екені баршаға аян. Осы мақсатта биыл 1 шілдеде қолданысқа енген жаңа әлеуметтік кодекске сай қазір әр отбасының цифрлық картасы немесе олардың дербес дерекқоры жасақталуда. Бұл – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы десек те болады. Осы жайларды тілге тиек етуден бастаған Ділдаш Салауатқызы:

DSC_0211

- Карта – мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға болатындығын көрсетіп отыратын электрондық жаршы құрал. Қазіргі күнге дейін облыста 22 078 адамға СМС хабарлама таратылып, оның 9965-іне қажетті әлеуметтік көмек проактивті түрде тағайындалды. Яғни оларға тиесілі төлемдер мен көмектер аталмыш жүйедегі дерекқор арқылы анықталды. Осылайша қазіргі қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңмен істен шығарыла бастайды. Жалпы ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін өңірімізде 2240 отбасына (11 029 адам) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, мұның ішінде 819 көпбалалы жанұя бар. Салыстырмалы түрде алсақ, көрсеткіш былтырғы деңгейден 28,1%-ға кеміді.

Жаңа кодекстің тағы бір қыры – әлеуметтік қызмет көрсету сапасын толық трансформациялау қарастырылып отыр. Былайша айтқанда, жеке сектормен байланысты қалыпты жолға қойып, саланың инфрақұрылымын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік берілуде. Осы мақсатта еліміз бойынша шағын орталықтар құру жүйесі жетілдіріліп, арнайы пилоттық жобаларды іске асыру міндеті қойылды. Сол қатарға біздің облысымыз да кіреді. Бүгінгі күні Орал қаласында сыйымдылығы шағын «Ақ ниет» орталығы жаңадан өз жұмысын бастаса, облыс бойынша стационарлық үлгідегі – 11, жартылай стационарлық үлгідегі 1 орталық бұрыннан бар. Осының бәрі таяу жылдары әлеуметтік қолайсыздықтың алдын алуға бағытталған интеграцияланған модель құруға дайындық десек те болады. Мұның бәрі, негізінен, БҰҰ Даму бағдарламасы шеңберінде өмірге келіп жатқан тың жобалар, – деді сөзінің түйінінде.

Енді бұл орталықтың ерекшелігіне келсек, онда бір терезе қағидаты негізінде уәкілетті құрылымдармен бірлескен іс-қимыл алгоритміне сәйкес қызмет көрсетудің құқықтық негіздері зерттеледі. Одан әрі көмекке мұқтаждарды әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналастыру, басқа да қиындықтар туындаған кезде тиісінше қолұшын беру мәселелері талқыланады. Жалпы бұл жобаны пилоттық сынақтан өткізу – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамасымен күнкөріс деңгейі төмен осал топтарды қорғауға арналған. Осы істің басы-қасында жүргендердің мәлімдеуінше, биылғы шілде айында бастау алған жобаға сай облысымызда отыздан астам отбасына әлеуметтік, медициналық, білім беру сипатында көмек ұйымдастырылған.

4

– Шындығында көп адамның ақылы заңгерлік кеңес алуына немесе адвокаттық қызметке жүгінуіне жағдайлары келе бермейді. Ал әлемдік тәжірибеде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мен қорғаудың түрлі формалары бар. Осы аз ғана мерзімде байқағаным, көптеген жерлесіміз өз мәселесімен оңаша қалып қоятындығы. Тіпті кей жағдайда зейнет-ақы, жәрдемақы, алимент рәсімдеу қажеттігін терең түсінбейді, не біреудің ауызша айта салғанына иланып, күнелтіс деңгейі төмендей береді. Сот шешімінен соң да тиесілі алименті қолына тимеген аналар қаншама?.. Несиелерін уақтылы қайтара алмағандықтан өсімпұлға ұрынып, өмірден түңіліп жүргендерді де көрдік. Өкі-ніштісі, осындай баз кешкен жалғызбасты һәм көпбалалы аналардың банкроттық туралы заңнан хабары жоқ. Бұған орталыққа жүгінген, не өзіміз іздеп тапқан адамдар өмірі айқын дәлел. Бұл жердегі жұмыс көпсалалы болғандықтан, әлгіндей жандарға бірден әлеуметтік карта ашылып, тұрақты бақылауға алынады. Осы жерде сондай қиындыққа ұрынған бауырлардың аты-жөнін (көбі қалалық) толық атау міндет болмас, жеке танысамын десеңіз, тізілген құжаттар әзір тұр, – деді бізбен әңгімесінде аталған жобаны үйлестірушінің көмекшісі, заңгер  Алмагүл Ысмағұлова.

Қысқасы, мұндай пилоттық жоба алғашында 2018 жылы басталып, ол  екі жылға созылыпты. Дөңгелек үстелге жиналғандардың дені бұл жоба да алдағы кезде өз жалғасын табуына мүдделілік танытты. Айтпақшы, үйлестіруші-кординатор  Гауһар Болатқызының, Орал қаласындағы «Мансап» орталығы директорының орынбасары Сағира Бимұхамбетованың және сөз алған бірқатар тәртіп сақшылары мен еріктілердің әңгімесін тыңдай отырып, есепті мерзім қорытындысында қолдау-көмек көрсетілген жанұялардың 73,1%-ының әлеуметтік жағдайы реттелгендігін, 18,5%-ы өмір сүру қағидаларын өзгерткендігін, 8,4%-ы толықтай қалыпты тірлік ауанына көшкендерін естідік. Әрі келешекте өз қатарларына еріктілерді көбірек тартып, қайырымдылық қорлармен тұрақты байланыс орнатса, істің ұтымдырақ боларына сенімді екендіктерін аңғартты.

Мұндайды атам қазақ бір-ақ ауыз сөзбен: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демеуші ме еді?!

Бауыржан  Махутұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале