6.11.2024, 12:30
Оқылды: 80

БҚО-да өңірлік жастар кадрлық резервіне 30 мемлекеттік қызметші өтіп, оның екеуі жаңа лауазымға тағайындалды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облысымызда өңірлік жастар кадрлық резерві құрылды. Іріктеуден 35 жасқа дейінгі 30 жас мемлекеттік қызметші өтіп, екеуі жаңа лауазымға тағайындалды. Олардың бірі – 28 жастағы Жандос Сұңғатов Теректі ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалса, Қазталов ауданынан Жұлдыз Жүсіпова БҚО әкімінің аппаратына жұмысқа ауысты.

Өңірлік жастар кадрлық резервіне үміткерлер көктемнен бастап бірқатар іріктеу кезеңдерінен өтіп, қазіргі кезде оның 30-ы конкурссыз басшылық лауазымдарға орналаса алады.

Қазір іріктеуден өткен екі мемлекеттік қызметші өз лауазымдарына тағайындалды. 28 жастағы Жандос Сұңғатов Республика күні қарсаңында Теректі ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалып, аудан әкімі Әлия Мұхамбетжанова жаңа әріптесін ұжымға таныстырды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтаған Жандос Сұңғатов өзінің еңбек жолын 2014 жылы «Жас Отан» жастар қанатының Батыс Қазақстан филиалының менеджері қызметінен бастады.

Кейіннен студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының облыстық штабын басқарды.

2019-2020 жылдары Ақжайық ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, 2020-2023 жылдары БҚО жастар саясаты басқармасының бас маманы, ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап БҚО қоғамдық даму басқармасының бас маманы қызметін атқарды.

«Мемлекеттік қызмет менің бала кезгі арманым. Өз елімнің патриоты ретінде ел тағдыры шешілетін ортада еңбек ету азаматтық парызым деп санаймын», - дейді Теректі ауданы ішкі саясат бөлімінің жаңа басшысы.

Жандос Сұңғатов басқарушы лауазымда ел сеніміне селкеу түсірмей адал әрі ашық қызмет етуге бар күш-жігері, білімі мен біліктілігін арнауды жоспарлап отыр.

«Жастар кадрлық резерві мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Менің білімім, мемлекеттік және қоғамдық жұмыстардағы тәжірибем, жобаға іріктеу кезеңі менің осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадамдарым болды. Мен бұл саяси сынаққа тыңғылықты дайындықпен келдім», - дейді ол.

Жаңа басшы өзіне және бөліміне төрт негізгі міндет қояды.

«Біріншісі, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамдық процестерді демократияландыру бойынша ауданның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасау. Екіншісі, қоғамдық бірлестіктермен, саяси партиялармен бірлесе жұмыс жасау.

Үшіншісі, мемлекеттік саясатты жүргізу, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және түсіндіру бағытындағы шараларды әзірлеу. Төртіншісі, ауданда болып жатқан қоғамдық — саяси жағдайлар мен олардың даму үрдістерін жан-жақты бақылау, болжау және объективті зерттеу жүйелерін ұйымдастыру» , - деді Жандос Сұңғатов.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар форумында өңірлерде жастар кадрлық резервтерін қалыптастыру туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы оларды қалыптастыру кезінде өңірлердің бірегей әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері ескерілетінін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале