11.11.2024, 15:30
Оқылды: 259

БҚО-да онкологтар жетіспейді. 8 717 адам есепте тұр

Бұдан бөлек рак ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи құралдардың болмауы да онкологиялық ауруларды ерте анықтау ісіне кәдімгідей кедергі келтіреді дейді мамандар. Ал мұндай құрылғыларды сатып алу үшін өте көп ақша қажет екен.

stethoscope-6497490_960_720

Фото: pixabay.com

Соңғы кездері әлеуметтік желіде ақша жинаушылар көбейгені ешкімге жасырын емес. Адамдар қит тесе «сбор» ашып, шет елде емделуді ойлайды. Бұл нені білдіреді? Біздің мамандардың біліктілігі тапшы ма? Әлде қажетті дәрі дәрмек жоқ па?

Біз осы және басқа сұрақтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жолдаған едік. Басқарма басшысы «Адамдар қайда емделгісі келсе сонда емделеді. Бұл олардың құқығы» дей салды.

Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми хат жолдадық. «Адамдар неге шет елде емделуге құмар?» деген сұрақты ашық қойдық.

- Қазақстанда емдеуге келмейтін науқастарды арнайы жолдамамен шет елге жібереміз. Мысалы 2022 жылы бір баланы Индияға, ал 2023 жылы бір бала Мәскеуге жолдама алып, емделіп келді. Ресей еліне барып ем алатындар көп. Бұл олардың таңдау еркіндігіне байланысты. Ал әлеуметтік желідегі хабарландыруларды қарап отыру біздің құзіретімізге кірмейді, - делінге ресми хатқа келген жауапта.

Біздің облыс Ресейдің бірнеше қаласымен шектеседі. Соның ішінде Самара, Саратов, Астрахань, Орынбор тіпті Мәскеу асып дәрігер жағалап кететіндер өте көп. Екінің бірі Самара мен Саратовқа барып тексеріліп келе береді. Бұл кәдімгі үйреншікті тірлікке айналған. Тіпті тұрғындар Астана мен Алматыға барып ем іздегенше Самара, Саратовқа барып келген арзан тұрады әрі сапалы деп жүр.

Біле білгенге басшылықты бұл дүние ойлантуы керек еді. Бұл сыртқа құйылып жатқан капитал. Қанша адам Ресей экономикасына ақша құйып жатыр. Ал оңтүстік аймақтар Қытай мен Өзбекстанды байытып болды. Өзге өңірді қоя тұрып біздің аймақты түгендеп алайықшы.

Өкінішке орай ем алу үшін сыртқа шығатын адамдардың есебін сұрата аламдық. БҚО Шекара қызметіне хабарласып білмек болдық.

Олар да шекара асатын адам толтыратын анықтамада «жеке шаруаммен бара жатырмын» деген бөлікті белгілейтінін айтады. Әрі қарай ешкім қазбалап сұрамайды екен. Түсінгеніміз БҚО-дан ем алуға Ресей асатын адамдар шекарадан еркін өте береді. Олар ол үшін ешқандай  анықтама ештеңе тапсырмайды. Сол себептен нақты саны, есебі жоқ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы біз мұны қадағаламаймыз деп отыр.

Біз жоғарыдағы сауалды Облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисовке қойдық.

Бізбен тілдескен Нұрлан Төлемісов біздің облыста онколог мамандардың өте тапшы екендігін айтты.

Жалпы БҚО бойынша барлығы 25 онкологиялық және 130 тексеру кабинеті жұмыс істейді.

Онкологиялық ауруларды емдеудегі ең басты проблема кадр тапшылы дейді облыстық окологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисов.

- Өңірдегі жағдайды жақсарту үшін кадрларды даярлау, қызметке жас мамандарды тарту бойынша жүйелі жұмыс қажет. Диспансерде тұрақты жұмыс істейтін 39 дәрігер бар. Ал облыс бойынша 8 717 адам онкологиялық аурухана есебінде тұр. Өзіңіз ойлап қараңыз, адам саны мен дәрігер санын. Бізге мықты онкологтар керек. Қазір ракті ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи техникалар бар. Шет елде рактың жайылып кетпеуіне әсер ете алатын дәрі-дәрмектер де бар.  Бірақ өте қымбат тұрады. Жалпы онкологиялық ауруды емдеу деген дүниенің өзі айналып келгенде бюджетке келіп тіреледі, - деп атап өтті Нұрлан Тулемисов.

Маммография сүт безі қатерлі ісігін анықтаудың негізгі әдісі.

- Ал біздің облыста 25 медициналық ұйымның тек 15-інде ғана маммографиялық құрылғы бар. Ал 7-інде медициналық ұйымда маммографиялық құрылғы мүлдем жоқ. Атап айтсақ, Бөкей Ордасы, Бәйтерек, Теректі, Казталов, Қаратөбе, Тасқала аудандарындағы аурухана мен қаладағы  №1 қалалық емханада маммографиялық құрылғы жоқ. Ал Сырым ауданында бұл құрылғы істемейді. Біз осы қажеттіліктерді өтеу мақсатында республикалық бюджет есебінен алдағы уақытта 9 маммографиялық құрылғы сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді Нұрлан Тулемисов.

Бүгінгі уақытта облыс бойынша 8 717 адам онкологиялық аурухана есебіне тіркелген. Оның 74-і бала.

Бұлардың қатарында ер адамдар арасында өкпе ауруы, ал әйелдер арасында сүт безі ауруы көш бастап тұр дейді мамандар. Бұдан бөлек ішек ауруларының обыры, асқазан обыры жиі кездесетін аурлар қатарында.

- Онкологиялық аурулардан келетін өлім бар. Өлім-жітім жағынан бірінші орында өкпе обыры, екінші орында асқазан обыры, үшінші орында тоқ ішек обыры, төртінші орында ұйқы безінің қатерлі ісігі тұр, - дейді Нұрлан Тулемисов.

 Елімізде медицинаға қанша көңіл бөліп жатырмыз десе де әлі де бір шикіліктер бары анық. Әйтпеген күнде екінің бірі шет елден ем іздемес еді.

Біз Үндістан елінде ем алып келген Қаламқас Бисенғалиқызын сөзге тартып көрдік. Қаламқа өзі өрімдей жас қыз. Бірақ осы ауыр дертпен күресіп жүр. Қаламқас диагнозы нақтыланған бойда емді шет елден аламын деген шешім шығарғандардың бірі. Біз бұл шешімнің сырын сұрадық.

- Жақсы сұрақ,  мен өз елімнен өмірім үшін араша түсер ақ халатты абзал жан таппадым. Содан жат мекенге барып жанашыр дәрігерлерге жолықтым. Бірінші Алла, екінші сол алтын қолды үндістер мені бұл өмірге қайта алып келді. Қазақта «су ішкен құдығына түкірме» деген киелі сөз бар. Мен екі мемлекетті де жамандай алмаймын. Дегенмен айырмашылық жер мен көктей. Ең бірінші, біздің дәрігерлер науқаспен тілдесу тәртібін білмейді. Жүзің бар, бетің бар демей жекіп, дауыс көтеріп тіпті, басынып сөйлейді. Ал шет елде мейрімді көзқарас танытып, бірінші сенің тіліңді табуға тырысады. Ауру адам үшін бұл деген жарты ем.

Екіншіден, апараттар бізде өте ескі немесе біздегі мамандар апаратты пайдалану білмейді. Мегаполис қалаларымыздың өзінде осы онкология бойынша керек құрал ПЭТ-КТ апараты екі күннің бірінде сынып қалады екен. Үндістанда жақта заманауи техникамен толық қамтылған. Науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, қарапайым тағамдардың өзінде айырмашылық жетерлік. Өзіміздің ауруханаларда да жатып, операция жасалып ем алғам. Бұл жақта, езілген кашалар, су татыған сорпа, қою қара шай ішінде қант бар болады. Жат мекенде ем алушыларға диагноздарына қарай мәзір даярлайды. Көкөністер, айран, жұмыртқа сынды тағамдар береді. Қант, тұз өнімдерін емделушілерге көп тұтынуға кеңес бермейді. Тағы бір басты мәселе, дәрінің сапасы. Мен фармацевт маманы емеспін. Алайда біздің дәрілердің әсері үнді мемлекетіндегі дәрілерге қарағанда әлсіз. Үндістандық дәрілерді ішкеннен 2-3 минут ішінде әсері білінеді, - дейді біздің сұрағымызға жауап берген Қаламқас Бисенғалиқызы.

Қаламқас  Үндістанға барып ем алып келген журналист. Жасы 20-дан енді асқан жас қыз осы аурумен ауырғалы дәрігерлерден көрмегенді көрдім деп қынжылады.

Біздің елде дәрігерлердің кейде жекіп, ұрсып сөйлейтіні үйреншікті дүниеге айналғалы қай заман. Ал Қаламқас болса қарапайым диагнозын нақтылау үшін елде 3 ай уақыт жоғалтқанын айтады. Мұндай істі шет елде айналдырған 10-15 күнде бітіреді екен.  Бізде сол баяғы кабинеттен кабинетке қуу, бір біріне сілтеу басым. Бір жүйеге жиналмаған дейді жас әріптесіміз.

- Айтарлықтай айырмашылықтар жетерлік. Бізде ауру өзі үшін талпынады анализ қағаздарын алу үшінде медбикелердің артынан өздері жүгіреді. Ал ол жақта химияға дейін, химиядан кейін бір күн асырмай, бір күн қалдырмай келіп сенің бойындағы өзгерісті тексеріп кетеді. Біздегілер: «неге қайта-қайта қан тапсыра бересің? Ол, 6 айға дейін өзгеріссіз сақталады. Дәрігер анализге қағаз бермей жатыр. Онкологқа барып аласың, біз сізге енді емшара жүргізбейміз», - деп екі ортаға сандалтып қояды. Қанның нәтижиесі 6 айға дейін сақталмайды, сау адамның өзінде кемі 14 күннің ішінде қайтадан өзгеріс болады. Жалпы сапалы нәтиженің жемісі білікті маманның арқасы. Шет елде 15-20 жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер жұмыс істейді. Ізденіс пен даму үстінде жүреді, шет елдермен тәжірбие алмасады. Қажет болса оқу да оқып келеді. Өзімізде де мамандар біліксіз дей алмаймын. Біздің медицина саласында апараттар жеткліксіз, ескірген. Оны біздің елдің дәрігерлері де мойындайды. Мүмкіндік болса, қаражат таба алсаң шет елге барып ем ал деп бірден айтады. Салғырттық та бар. Қалалық жерді айтпағанда ауыл- аудандық жерлердегі ауруханаларда тәжірибиесіз ақхалаттылар жетерлік. Олардың көбі жұмысты өздері ұнатқан мамандықта емес ата-анасының қалауын орындағандықтан сүйсініп атқармайды. Осыдан бастап міне салғырттық, жауапсыздық шығады, - деп қорытты өз ойын Қаламқас Бисенғалиева.

Мана сөзіміздің басында онкодиспасер директорының орынбасары айтқан сөзді келтірдік қой.

Иә, біздің облыста онколог маманға тапшы, құрылғылар әбден ескірген ал тіпті кейбір ауруханалар мен емханаларда мүлде жоқ. Қаламқас Бисенғалиқызының да айтып отырғаны осы. Шет елде мұндай проблема жоқ дейді. Құрылғы істемейді, жөндеуге кетті деген түсінік жоқ деп отыр. Әлбетте ондай қиындық болмағасын науқас әрі бері жүрмейді. Дереу ем алуды бастайды. Ал онкологиялық ауруда ең басты нәрсе емді уақтылы бастау.

 Біздің дәрігерлер де мұны біледі. Әттең қол қысқа....

- Шет елде медициналық құрылғылар жаңа, әрі замануи. Соңғы үлгідегі аппараттар бәрін анық, нақты көрсетеді. Біздің облыста әзірге ондай құрылғы тапшы. Бұдан бөлек дәрі-дәрмектің де рөлі зор. Европа елдерінде обырдың түрленбеуіне, рак клеткаларының мутацияға ұшырамауына әсер ететін дәрілер бар. Олар оны науқасқа ота жасатып ісікті алып тастағаннан кейін бірден тамыр арқылы жібереді. Бізде ондай дәрілер әзірге жоқ,- деді онкологиялық диспансер директорының орынбасары Нұрлан Тулемисов.

Дәрігерді тыңдасаң дәрігер дұрыс айтады. Ал шет елге барып ем алып келген науқасты тыңдасаң ол да дұрыс айтады. Бұл жерде біреуді кіналаудың өзі қиын. Жүйелі түрде шешілуі тиіс түйткілі көп сала. Елімізде онкологияны емдеуге, алдын алуға Үкімет тарапынан үлкен қолдау болмаса бұл бір облыстың бюджеті тартатын да шығын емес. Себебі әлгі қажет аппараттар бірнеше миллиард тұрады дейді мамандар. Несі бар, алуға болады. Себебі мемлекеттің басты байлығы адам емес пе? Адамның өмірінен артық, одан қымбат не бар? Әрине ел билеген ағаларымыз осыны ойласа....

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале