19.10.2017, 17:51
Оқылды: 18

БҚО-да өткен жәрмеңкеде 868 жұмыс орны ұсынылды

iarmarka vakansiОрал қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Орал қаласынан және аудандардан келген 48 жұмыс беруші қатысып, барлығы 868 жұмыс орнын ұсынды.

Шара барысында сала мамандары жиналғандарға жастар практикасынан өту тәртібі мен әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстарға орналасу мүмкіндіктері жайлы әңгімеледі. Залдың келесі бұрышында облыстық кәсіпкерлік палатаның қызметкерлері жұмыссыз жүргендерге жеке кәсіпті қалай ашуға болатынын және бұл бағытта мемлекет тарапынан қандай көмек алуға болатынын түсіндірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейінгі ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қаладан 128 жұмыс беруші қатысып, 114 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Сондай-ақ, 19 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 64 адам қоғамдық жұмыстарға орналасқан. Жастар практикасына 32 адам және екі адам оқуға жолданған. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастыруын сұрап  7978 адам жолықса, соның 3012-сі жұмыссыз деп танылған.

Былтыр мемлекеттік қолдаудың барлық шараларымен 231 адам қамтылса, биыл 1 қазанға дейін мемлекеттік қолдау алған адамдардың саны – 4 915. Соның ішінде тұрақты жұмысқа 2357 адам, жастар практикасына 678 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 96 адам, қоғамдық жұмыстарға жыл басынан бері 1153 адам жолданған. 629 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, екі адам шағын несие алды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале